Заң терминологиясын қолдану, түсіндіру және аудару мәселелері тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

03 наурыз, 2026

27 ақпанда ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Конституциялық жаңару жағдайындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық терминологиясы: қолдану, түсіндіру және аудару мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған шара қазақстандық заңнамадағы терминология мәселелерін кешенді зерделеуге қатысып жүрген ғылыми және сарапшы қауымдастықпен пікір алмасу, конституциялық жаңару жағдайында заңнамалық терминологияны қолдану, түсіндіру және аудару мәселелерін талдау және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге арналды.
Дөңгелек үстелге Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Терминология бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрзия Әбдікәрімқызы, Қолданбалы лингвистика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, PhD Өркен Құрманәліұлы Әбдіров қатысты. Ғалымдарымыз қазіргі терминологияның өзекті мәселелеріне тоқталып, Орталық әзірлеген өнімдермен таныстырды.
Заңнамалық терминология жан-жақты талданған бұл жиында аталған академияның Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саясат ғылымдарының кандидаты Бүркіт Ғалымұлы Нұрмағамбетов осы оқу орнында «Заң терминологиясын қолдануды зерделеу зертханасы» ашылғанын айта келе, зертхананың жалпы ережелері, мақсаты мен міндеттерін көпшілік назарына ұсынды. Бүркіт Ғалымұлының мәлісдеуінше, зертханада заң терминдерінің аудармаларын, ғылыми және оқу-әдістемелік материалдардағы қолданысын талдау, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізу, оған білім алушыларды кеңінен тарту, электрондық деректер базасын құру және т.б. міндеттер шешімін табады деп күтілуде. Дөңгелек үстелге қатысушылар бұл бастаманың маңыздылығын, әсіресе салалық терминдердің электрондық деректер базасын құру күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі екендігін атап өтті.
Құқық қорғау органдары академиясы заң саласының терминдерін жетілдіру, біріздендіру үшін өзіне қарасты бөлімшелерімен, ғылыми-зерттеу, білім беру мекемелерімен, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқаруды жоспарлап отыр. Академия алдағы уақытта Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген цифрлық өнімдермен етене танысатындығын және біздің ұжымның тарапынан қолдау күтетінін жеткізді.


Баға беріңіз