ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ» III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМЫ ӨТУДЕ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 қыркүйек, 2026

 

28 қыркүйек Түркістан қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» атты III Халықаралық симпозиум жұмысын бастады. Ауқымды ғылыми жиынға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы да тұрақты серіктес ретінде атсалысып келеді.
Ғылыми басқосудың мақсаты – қазақ тілінің ғылым, білім, технология және цифрлық коммуникация салаларындағы қолданысын кеңейту, мемлекеттік тілдің цифрлық ортадағы әлеуетін арттыру, жасанды интеллект пен тілдік технологияларды дамытуға қатысты ғылыми ұстанымдарды саралау және қазақтілді ғылыми контенттің аясын кеңейту.
Симпозиумның ашылу рәсімін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова жүргізді.
Ғылыми жиын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтау хатымен басталды. Министрдің құттықтауын тіл жанашыры, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі, академик Кәрімбек Құрманәлиев оқып берді.
Сонымен қатар белгілі академик, университеттің Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, қазақ тілінің ғылым мен заманауи технологиялар кеңістігіндегі маңызын атап өтті.
Симпозиумның пленарлық отырысында қазақ тілінің қазіргі даму бағыттары, ғылым тілі ретіндегі әлеуеті, цифрлық трансформация және жасанды интеллект дәуіріндегі тілдік технологиялар мәселелері кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев «Мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданылу аясын кеңейтудің өзекті мәселелері» тақырыбында ой қозғады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «Цифрлық дәуірдегі қазақ лингвистикасы: тілтанымдық мектептер, ізденістер, өнімдер» тақырыбында баяндама ұсынып, қазақ тіл білімінің цифрлық кеңістіктегі даму мүмкіндіктеріне тоқталды.
Ал, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай «Қазақ тілі – ғылым мен жасанды интеллект дәуірінің тілі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі дамуын цифрлық трансформация үдерісімен сабақтастыру, тілдік деректерді жинақтау мен жүйелеу, ұлттық тіл ресурстарын цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын қазақ тіліне бейімдеу және заманауи тілтанымдық зерттеулерді нақты цифрлық өнімдерге айналдыру мәселелері қамтылды.
Сонымен бірге Мақпал Жұмабай жиынның «цифрландыру дәуіріндегі қазақ өнері: дәстүрді сақтау және дамытудың жаңа формалары» секциясын жүргізді.
Симпозиумда Халықаралық Қазақ тілі қоғамының OpenAI бойынша жоба жетекшісі Анар Құрманжан «Қазақ NLP жүйесін дамыту» тақырыбында баяндама жасап, қазақ тілін табиғи тілді өңдеу технологияларына бейімдеу мәселелерін таныстырды.
Оксфорд университеті Иса колледжінің білім алушысы Эндрю Аталье «Ел аумағынан тыс жерлердегі қазақ тілінің диалектологиясын зерттеудің маңызы» тақырыбында баяндама ұсынып, қазақ тілінің шетелдегі қолданысы мен диалектологиялық зерттеулердің маңызын атап өтті.
Пленарлық отырыста ұсынылған баяндамалар мазмұны қазақ тілінің қазіргі даму үдерісінің бірнеше маңызды бағытын қамтыды. Олар – тіл саясаты, ғылым тілі, цифрлық лингвистика, жасанды интеллект, NLP технологиялары, мәдени контент, тілдің шығармашылық индустриядағы қолданысы және қазақ тілінің шетелдегі тілдік кеңістігі.
Жиын барысында Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай әзірленген «Толық адам танымы» ғылыми жинағының тұсаукесері өтті. Жинақты «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, аса көрнекті ұлт зиялысы, атақты Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті Мақсат Әліпхан құрастырып дайындаған. Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген ғылыми еңбекте Абайдың «Толық адам іліміне» қатысты зерттеулер жинақталып, ұлы ойшылдың адамгершілік танымының қалыптасуы мен мән-мазмұны кеңінен зерделенген. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне автор Мақсат Әліпхан және абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ұлы Мұрат Мекемтасұлы Мырзахметов қатысты.
Пленарлық отырыстан кейін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті әдебиеттанушы, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атындағы атаулы дәрісхананың ашылу рәсімі өтті. Бұл бастама ғалымның қазақ әдебиеттануы мен абайтану ғылымына қосқан зор үлесін ұлықтап, ғылыми мұрасын кейінгі буынға кеңінен танытуға бағытталған.
Халықаралық симпозиум жұмысы бұдан әрі ғылыми секциялар аясында жалғасып, қатысушылар қазақ тілінің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллект және ғылыми коммуникация, әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық ғылымдарды цифрландыру, құқықтық дискурс, қазақ өнері мен мәдени мұрасы, әдебиеттану және абайтану бағыттары бойынша пікір алмасты.
Айта кетейік, Ахмет Ясауи университеті «Қазақ тілі – ғылым тілі» симпозиумын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қазақ тілінің келешегіне арналған халықаралық жиын алғаш рет екі жыл бұрын, яғни 2024 жылы өтіп, қоғамда қолдауға ие болды. Ал 2025 жылы өткен II Халықаралық симпозиум «Жасанды интеллект және терминология» тақырыбына арналып, қазақ тілінің ғылыми коммуникациядағы орны, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен салалық терминология мәселелерін қамтыды. Биылғы басқосу сол ғылыми диалогтың аясын кеңейтіп, қазақ тілінің цифрлық дәуірдегі болашағын әртүрлі ғылым салаларымен сабақтастыра қарастырды.


Баға беріңіз