ТҮРІК ЕЛШІЛІГІНЕ БАРДЫ

Түркия елшілігі алдында толас жоқ екен. Байқағанымыз, Астана жұртшылығы жекелей де, тобымен де ағылып келіп жатыр. Бәрі үнсіз көңіл білдіруде. Орталықтың қызметкерлері қаржылай көмегімен бірге, өз үйлерінен жылы киім, басқа да тұрмысқа қажетті дүниелерін тапсырды.
Қаралы дәптерге Лиза Қожаққызы қалдырған жазбада былай делінген: «Азаттықтың ақ таңы арайлап атқанда алғашқы боп ағынан жарылып құттықтап, өз Елшілігін ашқан бауырлас Түрік мемлекетінің Тәуелсіз Қазақстан үшін әрқашанда орны бөлек. Апаттың қайдан дерің бар ма. Дүниені дүр сілкіндірген қаралы хабарды қатты күйзеліспен қабылдадық. Жойқын жер сілкінісінен қара жамылып отырған қалың түрік жұртына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Біз әрқашан Сіздермен біргеміз!».
Аулада абыр-сабыр жоқ. Адамдар аяғының ұшымен жүр. Өзара сыбырлап қана тіл қатысады. Қарсы алдыңда Түрік мемлекетінің байрағы басын төмен салып, бұйығылау қарап тұр. Алқымға ащы өксік тығылды...
Баға беріңіз