Туыс елдің тіл тарихы

Осы орайда Түркия мемлекетінің тәжірибелік-танымдық үлгісі өзгеше. Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта қазақ-түрік қарым-қатынасының жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, кеңейіп әрі күшейіп келе жатқаны белгілі. Осыған байланысты, биыл 29 қазанда тойланғалы отырған Түркия Республикасының 100 жылдығы – «түркі әлемі» үшін елеулі тарихи оқиға. Олай болса, туыс елдің тілдік даму тарихына қысқаша шолу жасап, қазіргі тілдік жағдаятына назар аударып, оны қазақ тілімен салыстырудың өзіндік мәні бар.
Қазақ терминологиясы XX ғасыр басында, атап айтсақ 1910–1930 жылдар арасында ерекше қарқынмен дамыды. Осы кезеңде алғашқы ғылыми мақалалар мен оқулықтар жарық көрді, сөздіктер шығарылды, басқа тілдерден қазақ тіліне аудармалар жасала бастады. Академик Ө. Айтбайұлы «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты еңбегінде қазақ терминжасамының қалыптасу, даму тарихын бес кезеңге бөлген:
«Бірінші кезең – 1910–1930 жылдар. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы т.б. Алаш зиялылары сапындағы көшбасшы тұлғалардың тіліміздің бар байлығын сарқа пайдалану бағытын ұстанған кезеңі.
Екінші кезең – 1930–1940 жылдар. Кириллицаға негізделген халықаралық терминдер мен орысша атауларды тілімізге түпнұсқалық қалпында қабылдау кезеңі.
Үшінші кезең – 1940–1950 жылдар. Лексиканы интернационалдандыру, орыстандыру бағыты жалғасқан кезең.
Төртінші кезең – 1950–1970 жылдар. Қазақ зиялыларының соғыстан кейінгі жылдары еңсе көтеріп, газет-журналдарда қазақ мәдениеті мәселелері көтеріліп, көптеген халықаралық терминдердің қазақша баламалары жасала бастаған кезең.
Бесінші кезең – 1970 –1990 жылдар. Тоқырау жылдарынан кейінгі қайта құру мен тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік тіліміз бен қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен жаңа кезең».
Ал Түркияда 1923 жылы Осман империясы құлдырап, ұлт-азаттық қозғалыстардың күшеюі нәтижесінде, ресми түрде Түрік Республикасы жарияланғаннан кейін тіл реформасы үшін қолайлы жағдайлар туып, араб-парсы элементтерінен арылған жаңа тіл – ана тіліне ауысу бағыты пайда болды.
Ұлт көсемі Ататүрік бастаған бұл қозғалыс «Dil devrimi» (Тіл төңкерісі) деген атпен тарихта қалды. Аталған қозғалыс екі кезеңде өтті: 1928 жылы Harf Devrimi (Әріп төңкерісі) жүзеге асты. Түріктер араб графикасынан бас тартып, түрік тілінің төл дыбыстық жүйесіне сай жасалған латын графикасына көшті. Ал 1932 жылы тіл жанашырлары мен қалың жұртшылық (мұғалімдер, жазушылар, журналистер) қолдауымен төл түрік лексикасы мен терминологиясын жандандыру, яғни «Özdeşme» (Тілді бөгде элементтерден тазалау) қозғалысы басталды. «Бір мемлекет, бір ұлт, бір байрақ» үндеуін басшылыққа алған түріктер шамамен 150 жылдан бері жалғасып келген түрік терминологиясы мәселесін дәл осы кезде ғана түбегейлі түрде қолға алды. Осы кезден бастап «осман тілі» терминінің орнына «түрік тілі», ал «османлыша» сөзінің орнына «түрікше» сөзі қолданыла бастады.
«Тіл төңкерісінің» негізгі міндеттері былайша белгіленді: түрік тілінің сөз құрамын жетілдіріп, функционалдық стильдерін жаңарту, грамматикалық, стилистикалық, орфографиялық нормалар мен ережелерді қалыптастыру.
Ататүрік құрған «Ulus inşası» (Ұлт құрылысы) атты үдерістің негізгі мақсаты – ұлттық тілді қалыптастыруға бағытталды. Бірақ аталған үдеріс кезінде Түркияда білікті тілші-ғалымдар өте аз еді. Сондықтан Ататүрік те тілші-ғалым болмаса да өзі бас болып, көп ізденді, тіл мәселелеріне қатысты көп еңбек оқыды. Соның нәтижесінде, дұрыс шешімдер қабылдап, ғалым-мамандарды жұмылдырып, алдына қойған мақсаттарына жетті.
Белгілі түрік лингвисі, профессор Берке Вардар бұл туралы: «Ататүріктің тікелей басшылығымен басталған «Тіл төңкерісі» тілдік жоспарлаудың Түркия нұсқасы ретінде әлемдік «ұлт құрылысы» жобаларының көрнекті бір үлгісі болып табылады» деген еді [2, 385-389].
Өкінішке қарай, XX ғасыр басында осыншама жанкештілікпен жандандырылған түрік тілі кейінгі кезеңде, яғни XXI ғасырда, жаңа қатерлермен бетпе-бет келді. Бұрын араб, парсы тілдерінен басқа түрік тіліне француз, грек, итальян, ағылшын тілдерінен кірме сөздер көптеп енсе, дәл қазір түрік тілі әсіресе ағылшын тілінен енген мыңдаған жаңа сөз ағынына төтеп бере алар емес. Осының салдарынан түрік тілі тап болып отырған қазіргі басты мәселелердің бірі – түрікше баламасы бола тұра жаңа сөздердің шетелдік баламасын қолдану. Мұның айқын көрінісі мерзімді түрік баспасөзінде орын алып отыр. Жақша ішіндегілер сол шетелдік сөздерге табылған түрікше баламалар.
Мысалы: back-ground (arka plan) – фон, self-servis (seçal) – өзін-өзі күту, viyadük (köprüyol) – виадук, franchising (bayilik) – франшиза, non-stop (molasız) – тоқтаусыз, kampüs (yerleşke) – кампус, trend (eğilim) – тренд, optimist (iyimser) – оптимист, poşet (dorba) – пакет, optimal (en uygun) – оңтайлы, bestseller (çoksatan) – бестселлер, marketing (pazarlama) – маркетинг, part-time (yarım gün) – жарты күн, full-time (tam gün) – толық күн, showmen (gösteri adamı) – шоумен, referandum (halkoylama) – референдум, amblem (belirtke) – эмблема т.б.
Мысалы: İstanbul Üniversitesi ana kampüsteki Hukuk Fakültesi Kütüphanesi’ne geçersin, aurası bambaşkadır (01.10.2023). Bu nedenle aynı kaliteyi ve profesyonelliği franschise ile farklı bölgelerde sürmesini sağlamayı hedefliyoruz” (23.12.2023). Global ve lokal pek çok markanın influencer marketing stratejilerini belirleyen ve çözüm ortağı olan Boomads bu sene Effie Awards’tan tam 3 ödülle döndü (27.06.2023).
Ал қазақ тілінде жаңа сөздердің тууында көбінесе орыс тілінің ықпалы болды. Мысалы, коррупция (сыбайлас жемқорлық), потенциал (әлеует), презентация (таныстырылым, тұсаукесер), клавиатура (пернетақта), адрес (мекенжай), драйвер (қозғаушы күш) т.б.
Жоғарыда көрсетілген Түркиядағыдай жағдай соншалықты көп болмағанымен қазақ тілінде де кездеседі. Жоғарыда жақша ішіндегілер, жаңа сөздерге табылған және ресми түрде бекітілген қазақша баламалар. Сонда да қазақ баспасөзінде де кейде бекітілген қазақша баламаларды елемей, жаңа сөздердің орысша нұсқасын қолдану жиі кездеседі.
Мысалы, өз елін жанынан да артық көретін ол, президент арқылы жаппай коррупцияға, отбасылық диктатқа, адамдықтан жұрдай билікке тосқауыл қоямын деп үміттенді (27.10.2022). Әлеуметтік тұрғыдан еліміздің жоғары білікті кадрлық потенциалы дамиды (16.02.2023).
Тағы бір байқағанымыз: түрік баспасөзінде шетелдік сөздер (көбінесе ағылшын тіліндегілер) көбінесе тура өз күйінде, түпнұсқалық тұлғада беріледі.
Мысалы: Pasaport bankoları, check-in gibi sabit mobilyalar yenilenecek (09.09.2023). Şimdiye kadar yanında ‘sevgilim’ dediği birini dahi görmediğimiz Edis, acaba Megastar Tarkan gibi bir evlilik yapıp hayranlarını şaşırtmak mı istiyor? (09.12.2022). İndirimlerden yararlanmak isteyen vatandaşlar, şimdiden 2022 Black Friday tarihini merak etmeye başladı (30.10.2022).
Бұл тілдік жағдаят кезінде Алаш қозғалысының қайраткері Х.Досмұхамедұлының: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» деген пікірінің қазіргі таңда да өзектілігін жоғалтпай отырғанын көрсетеді.
Өкінішке қарай, басқа ешбір тілде кездеспейтін бұл үрдіс қазіргі түрік баспасөзінде кеңінен таралған. Қазақ баспасөзінде мұндай өрескел жағдайлар әзірше жоқ. Дегенмен жақын арада латын әліпбиіне көшкелі отырған қазақ тілінің болашақта осындай қиындыққа тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан осы кезден бастап мұның алдын алудың амалдарын ойластыруымыз қажет.
Бұл жерде айта кететін жайт, соңғы мысалдағы Black Friday деген жаңа қолданыстың 5 түрікше баламасы бар: kara Cuma (қара жұма), muhteşem Cuma (керемет жұма), efsane Cuma (аңызға айналған жұма), şahane Cuma (тамаша жұма), bereketli Cuma (берекелі жұма). Бұлар да баспасөзде көп кездеседі. Соған қарамастан, Black Friday түпнұсқасы түрік баспасөзінде әлі де белсенді түрде қолданылуда.
Осы сөздің қазақ тіліндегі қолданысына келсек, осыдан 3 жыл бұрын бас мүфтиіміз бұл атауды «жомарт жұма» деп атау туралы ұсыныс жасаған еді. Сондай-ақ көпшілік қауым бұл сөз тіркесін «берекелі жұма» деп атау жөнінде ұсыныстар айтқан еді. Дегенмен бұлар іске аспай, баспасөзде әлі күнге дейін қара жұма қолданысы ғана қолданылып жүр.
Мысалы, бірқатар cауда желілері «Қара жұманы» қарашаның 23-інде бастады (27.11.2020). Қостанай облысында азаматтар қара жұма науқанына қарсы шықты (24.09.2023).
Қазіргі түрік тілі қолданысындағы тағы бір көзге түскен жайт: кезінде Ататүрік бастаған тілдік реформа кезінде түрік тілінен шығарылған кейбір араб-парсы сөздерінің тілге қайта кіру фактілері жиілеп отыр.
Мысалы (жақша ішіндегілер осы сөздерге табылған, кең қолданысқа енген сәтті түрікше баламалар): tesir (etki) – әсер, inkişaf (gelişim) – даму, tertip (düzen) – тәртіп, teferruat (ayrıntı) – егжей-тегжейлер, tecrübe (deneyim) – тәжірибе, tedbir (önlem) – шара т.б.
Мысалы: Mevlana’nın aziz naaşını saklamasının yanında ilk «Mevlevi dergahı» olma özelliği de taşıdığını belirten Ersoy, Mevlevihanelerin, tarih boyunca toplumun her kesiminden insanın manevi hayatına tesir ettiğini vurguladı (11.10.2023). Türk milletinin binlerce yıllık devlet ve medeniyet birikiminin inkişafına engel olamayacaksınız” ifadelerini kullandı (07.10.2023).
Бұл үрдісті жақтаушылар: «Араб-парсы сөздерін тілге қайта енгізу арқылы бұрынғы османдық бай әдеби мұраларға біршама жақындаймыз, әрі араб-парсы нұсқалары түрік тілінің синонимдік қатарын байыта түседі, тілге одан ешқандай зиян келмейді» деген уәж келтіреді.
Араб-парсы сөздері сөздік қорына берік орнаған қазақ тілі лексикасынан да оларды шығарудың дәл қазір оңай еместігі қазақтардың көбінің араб-парсы сөздерін нағыз қазақ сөздері деп қабылдауынан да көрінеді.
Жоғарыда қарастырылған үрдістердің күнделікті қолданыстағы лексикаға тікелей әсер етуінің түпкі себебін түсіну тыңғылықты лингвокогнитивтік, психолингвистикалық т.б. зерттеулерді қажет етеді.
Болашақта «Түркі әлемінің» рухани-экономикалық, мәдени-әлеуметтік үндестігін нығайтуға ықпал ететін туыс түрік мемлекетінде болып жатқан барлық оқиғалар, әсіресе тілге қатысты жаңалықтар қазақ тіл білімі үшін де өте маңызды. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуінің маңызды кезеңінде латын әліпбиіне әлдеқашан ерте ауысқан Түркия тәжірибесінде кездескен жоғарыда айтылған мәселелердің алдын алу қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қоғамдық-әлеуметтік қызметінің жанданып, кеңеюіне, әлеуетінің жаңғыруына қатысты аса маңызды. Сондықтан қазақ терминологиясын қалыптастыру барысында түрік тілінің бұл жолда тап болып отырған қиыншылықтарын, мәселелерін зерттеп, себептерін талдап, қарастыру қажеттілігі даусыз.
Ақмарал Бисенғали,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері
Баға беріңіз