ТУҒАН ӨЛКЕМЕН ТАБЫСТЫРҒАН «АЛТЫН КӨПІР»

Тағдырдың тауқыметін тартып, ата жұртынан жырақтаған қандастарымыздың ұрпақтары мен облысымыздың жастарының басын бір арнаға тоғыстырған дәстүрлі «Алтын көпір» фестивалі Қазталов ауданында жалғасын...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 қыркүйек, 2023

«Алтын көпір» халықаралық фестивалі 2004 жылдан бері биыл алғаш рет ауылдық жерлерде ұйымдастырылып отыр. Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор, Астрахань, Челябі облыстарының жастарын ауданымыздың Ақпәтер ауылдық округінің халқы ыстық ықыласпен қарсы алды.

Бағдарламаға сәйкес ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлері, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бойынша шеберлік сабақтар, спорттық-сауықтыру шаралар, «Ұлттық код – рухани жаңғыру негізі» және «Шежіре – ұлттық тарихтың бір тармағы» тақырыптарында семинарлар, қазақ тілін оқыту сабақтары ұйымдастырылады, деді «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» төрағасы Айболат Құрымбаев.




«Ақ ырыс» әжелер ансамблі жастарға ұлттық әндерді шырқап, ұршық иіру, киіз басу, бесікке бөлеу, диірмен тарту сынды әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрімізді үйретсе, Ақпәтер орта жалпы білім беретін мектебінің «Назқоңыр» ансамблі қазақ күйлерін орындап, ұлттық аспаптарда ойнауда шеберлік сағаттарын көрсетті. Баян Құспанова әжеміз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, қонақтарды тәнті қылды. Қандастарымыз ұршық иіріп, диірмен тартып, аспаптарда ойнап, садақ ату, асық атуды үйреніп, алтыбақанда бір-бірімен сырласты.


Астрахань облысынан бірінші мәрте қатысып отырмын. Бірінші мәрте домбырада ойнадым, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен таныстым. Фестивальге қатысуға мүмкіндік беріп, керемет әсер сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,– дейді Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің студенті Арина Сейдешова.

Іс-шара киіз үйде жалғасын тауып, фестивальге қатысушылар ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыздан дәм татты.

Халықаралық іс-шараның ұйымдастырушысы Света Ғаниева, Айболат Құрымбаев жергілікті атқарушы орган өкілдері мен Ақпәтер ауылының халқына ризашылығын білдірді.

Бұл фестиваль 2019 жылдан бастап «Алтын көпір» деген атаумен өтіп келеді. Қазіргі таңда көрші мемлекеттен жыл сайын 30-ға жуық жастар облысымызға келіп, қазақ халқының әдебиеті, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен танысып, дәріптеп жүр. Бір жылдары жастар ұйымдарының жетекшілері келсе, биыл студент жастар келді. 2021 жылы Ресейдегі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен меморандумға отырып, онлайн форматында қазақ тілін оқытып жатырмыз. Қазіргі таңда 200-ге жуық азамат тіл меңгеруге кезекте тұр, – деді Света Қадырбайқызы.

Ақын Сағынтай Бисенғалиевтің жыр жолдарынан бір шумақ келтіре кетелік:

Қуанамыз жан бауырлар келгенде,

Бабаларым боп өткенмен шерменде.

Ұрпақтары туған елге келіп тұр,

Қонақтарға әркез әзір төр менде!


Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ


Баға беріңіз