Тіл‑Қазына ҰҒПО делегациясы жапон тілі және лингвистикасы ұлттық институты басшылығымен кездесті

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының делегациясы Жапон тілі және лингвистикасы ұлттық институтында (NINJAL) ресми ғылыми кездесу өткізді. Бұл институт - Жапониядағы лингвистикалық іргелі зерттеулермен айналысатын негізгі ғылыми мекеменің бірі.
Кездесу шымылдығын NINJAL директоры Кикуо Маэкава ашып, тілдің цифрлық кеңістіктегі болашағы мен корпустық зерттеулердің маңызын атап өтті.
Орталықтың Бас директоры Мақпал Жұмабай негізгі баяндама жасап, мекеменің стратегиялық бағыттағы жобаларын, сондай-ақ халықаралық әріптестікке негізделген идеяларды таныстырды. Ол қазақ тілін цифрлық платформаға көшіру, тілдік мәліметтерді жүйелеу және ашық ғылыми инфрақұрылым құру жолындағы тәжірибелерді ортаға салды.
Орталықтың ғалым хатшысы Дана Оспанова Қазақ ұлттық корпусының бес ішкі корпусын таныстырып, оның мета және лингвистикалық белгіленімін автоматтандыру жолындағы нәтижелерін көрсетті. Атқарушы директор Лиза Есбосын тіл оқыту әдістемесі аясында өзекті сұрақ көтеріп, лексика-грамматикалық минимумды анықтау, оны тіл үйрету жүйесіне енгізу және ұлттық тіл корпусымен үйлестіру туралы өз ойын ортаға салды.
Жапон тарапынан профессор Прашант Пардещи, профессор Ханаэ Коисо және жоба ассистенті Юта Такахаши NINJAL зерттеу жобаларын таныстырып, диахронды корпус, күнделікті ауызекі тіл мәтіндерінің жүйесі, мәтіндерді морфологиялық деңгейде белгілеу, сондай-ақ балалар тілін зерттеу саласындағы жұмыстарымен бөлісті. Олардың баяндамалары қазақ әріптестері үшін тың идеялар мен әдістемелік шешімдер ұсынды.
Кездесу нәтижесінде екі тарап ғылыми бағытта өзара ынтымақтастық орнатып, іс-тәжірибе алмасуға уағдаласты.
Баға беріңіз