Тіл үйретушілерге арналған республикалық онлайн семинар өз мәресіне жетті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 мамыр, 2026

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы Тіл-Қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Тіл үйретудегі лингводидактикалық тәсілдердің трансформациясы» атты республикалық онлайн семинар 20-22 мамыр күндері өтті. Үш күнге созылған семинар барысында тіл оқыту саласындағы өзекті әдістемелік мәселелер талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.

Іс-шараның ашылу рәсімінде Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов құттықтау сөз сөйлеп, тіл саясатын жүзеге асырудағы ғылыми-әдістемелік жұмыстардың маңызына тоқталды. Ол қазақ тілін оқыту сапасын арттыруда мұндай кәсіби алаңдардың рөлі ерекше екенін атап өтіп, семинар қатысушыларына нәтижелі жұмыс тіледі.

Бағдарламаға сәйкес алғашқы дәрісті «Жағдаяттық қазақ тілі» кітабының авторы, «МӘМІЛЕ» қазақ тілі клубының негізін қалаушы Қанат Тасыбеков өткізді. Дәріс барысында тіл, ұлт және мәдениет ұғымдарының өзара байланысы кеңінен сөз болып, қазақ тілін оқытудағы мазмұн мен әдістің үйлесімі туралы маңызды ойлар айтылды.

Екінші күні кәсіби аудармашы, редактор, медиа маманы әрі «Калькасыз қазақ тілі» арнасының авторы Назгүл Қожабек дәріс оқыды. Спикер калька сөздердің табиғи тілдік нормаға әсерін түсіндіріп, күнделікті қолданыста жиі кездесетін қате тіркестерге нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, сөзді орнымен әрі сауатты қолданудың маңыздылығы жөнінде мазмұнды пікірлер айтты.

Семинардың соңғы күнінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Жазира Ысқақова әдістемелік дәріс өткізді. Дәріс барысында спикер қазақ тілін оқытудағы оқу құралдарының әдістемелік жүйесін айқындау мәселесіне тоқталып, тапсырмаларды түрлендірудің тиімді жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар мәтін құрастырудың әдіс-тәсілдері талданып, оқу материалдарын жүйелі ұйымдастыру мен тіл үйретудегі практикалық жұмыстардың маңызы кеңінен айтылды.

Әдістемелік семинар барысында қатысушылар қазақ тілін оқытудың заманауи лингводидактикалық негіздерімен танысып, коммуникативтік құзыреттілікке бағытталған тапсырмалар әзірлеу, оқу материалдарын құрылымдау және сабақ жоспарын тиімді ұйымдастыру дағдыларын тәжірибелік тұрғыда жетілдірді. Пікір алмасу алаңында оқытушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті әдістемелік мәселелерді талқылады.

Іс-шараға белгілі әдіскер-ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары және тіл оқыту орталықтарының мамандары қатысты. Ұйымдастырушылар мұндай ғылыми-әдістемелік семинарлар тіл үйрету сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуына және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге оң ықпал ететінін атап өтті.


Баға беріңіз