Тіл сардары
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының 60 жасқа толған мерейтойы аясында «Тіл сардары» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынды басқарған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов Шерубай Құрманбайұлының ғылыммен ғана айналыспай, мемлекеттік қызметте де көп жұмыстар атқарғанын, қай қызметте жүрсе де өз қабілет-қарымын көрсете білгенін сөзге тиек етіп:« Алаш мұраларына үңіліп, Әлихан Бөкейханұлының тілдік мұрасын зерттеп, «Алаш көсемі және ұлт тілі» деген монография жазды. Шәкірті М.Әділовпен бірлесіп жүргізген зерттеу негізінде «Абай тіліндегі көне атаулар мен сирек қолданыстар» монографиясын оқырманына ұсынды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап тіліміздегі жаңа атауларды жинақтап, оларды жүйелеп, соңғы 30 жыл ішінде жасалған жаңа терминдер мен қолданыстағы атаулардың сөздігін жасап, терминологияның дамуына үлкен үлес қосты» деді.
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, академик Шерубай Құрманбайұлының мемлекеттік тілдің тұғырын көтеріп, оның жарқын болашағына қызмет еткен қайраткерлігіне тоқталып, әркез «Тіл-Қазына» орталығының тіл мамандарына ақылшы, ұстаз ретінде жол көрсетіп, бағдар бергеніне алғысын білдірді.
Отандық терминология ғылымының көрнекті өкілі, ірі ғалымның ғылыми еңбектермен қатар өмірі мен ғылыми-педагогтік, мемлекеттік және қоғамдық қызметі туралы Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Жанар Асанова, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, PhD доктор Гүлшат Түсіпова мен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлназ Төкенқызы баяндама жасады. Тіл мамандары Шерубай Құрманбайұлының тіл тарихынан бастап терминология, лексикография, неологизм, архаизм, алаштану, тіл мәдениеті, аударматану секілді лингвистиканың бірнеше саласын қатар зерттеген іргелі еңбектеріне кеңінен тоқталды.
Іс-шараға қатысқан тіл мамандары, әріптестер, жастар ғалымды мерейлі жасымен құттықтап, еңбектері ел игілігіне жарап, ұрпақтан-ұрпаққа құнын жоғалтпай жете берсін деген тілек білдірді.
Жарқынбек Жұмаділ
Баға беріңіз