«Til-Qazyna» оқулары аясында жас ғалымдардың ғылыми зерттеулер байқауы өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 сәуір, 2026

 

17 сәуірде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында Ғылым күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Til-Qazyna» оқулары аясында жас ғалымдардың ғылыми зерттеулер байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – тіл саясатын іске асыруға, қазақ тілін меңгеруді тиімді ұйымдастыруға, терминологияны дамытуға және жасанды интеллект көмегімен тілдік міндеттерді шешуге бағытталған ғылыми жұмыстарды қолдау.
Байқауға еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатысып, іріктеуден өткен жұмыстар бойынша баяндамалар жасады. Бағдарламада көрсетілген қатысушылар қатарында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, «Тұран-Астана» университеті және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім алушылары бар.
Іс-шараның ұйымдастырылуына орталықтың ғалым хатшысы ф.ғ.к. Жазира Искакова ұйытқы болды. Ал ғылыми зерттеулерді бағалау жұмысына Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері ф.ғ.к. Бақытгүл Ысқақ, «Әдістеме LAB» жетекшісі РһD Айгерім Қожахмет, Қолданбалы лингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері Алмажан Қадырхан қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Каленбекова Арайлым Ерланқызы иеленді, ІІ орын Курбанов Ал-Бухорий Султанбекович пен Аймұхан Ерасыл Кажымуханұлына бұйырды. ІІІ орынды Ақерке Дүйсембайқызы Сандибаева мен Қалдыбай Құндызай Жомартқызы иеленді.
Аталған байқау жас зерттеушілердің ғылыми ізденісін қолдауға, тіл саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және ғылым мен заманауи технологияны ұштастырған жаңа бастамаларды насихаттауға мүмкіндік берді. Жеңімпаздар дипломмен марапатталып, ғылыми жетекшілерге алғысхат, қатысушыларға сертификат табысталды. Үздік танылған жұмыстарды «Тіл және қоғам» халықаралық ғылыми журналында жариялау жоспарланған.


Баға беріңіз