«Тіл-Қазына» мамандары ұлттық музейде кезекті отырысқа қатысты
7 қарашада Астана қаласында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Цифрлық дәуір: жалпыұлттық құндылықтар және бірегейлік» тақырыбындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен өнер қайраткерлері, IT-визионерлер және ғылыми орталардың сарапшылары қатарында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары да қатысты.
Күн тәртібінде – цифрлық технологиялар дәуірінде рухани және адамгершілік болмысты сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев жаһандық цифрландырудың қоғам өміріне әсері күн санап артып келе жатқанын айтып, осындай тарихи сәтте ұлттық және цифрлық иммунитетті нығайту қажет екенін атап өтті:
«Ұлттық құндылықтар – заман өзгерсе де шайқалмайтын негіз. Оларды заманауи әдістермен дәріптеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Цифрландыру — қауіп емес, мүмкіндік ретінде қарастырылуы тиіс», – деді Сенат төрағасы.
«Тіл-Қазына» орталығы көрмеде ЖИ агенттерін, атап айтқанда Steppe Games, Qazgramma және Til-Qazyna ЖИ көмекшісін таныстырды.
Көрмеде сондай-ақ E-museum веб-порталының таныстырылымы өтті. Жоба әлемнің кез келген нүктесінен қазақтың ұлттық мәдени мұрасын 3D форматта көруге жол ашады.
Диалог алаңында айтылған ұсыныстар мен жобалар ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды адамзат игілігіне бағыттауға бағытталды.
Баға беріңіз