Тіл оқытушыларына арналған республикалық онлайн семинар өз мәресіне жетті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 сәуір, 2026

 

«Тіл үйретудегі лингводидактикалық тәсілдердің трансформациясы» тақырыбында ұйымдастырылған бұл мазмұнды шара еліміздің әр өңірінен жиналған тіл оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлерін, сондай-ақ тіл басқармаларының өкілдерін ортақ алаңда тоғыстырды.
Аталған семинар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараның қорытынды күнінде Тіл саясаты комитетінің Әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Айнагүл Көкен қатысып, қазіргі тіл оқыту үдерісіндегі жаңашыл бағыттар мен әдістемелік ізденістердің өзектілігіне тоқталды.
Семинар жұмысын Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Лиза Есбосын жүргізді.
Қорытынды күні спикер ретінде Qazline.kz қазақ тілін үйрету платформасының негізін қалаушы Динара Еселбай дәріс өткізді. Өз баяндамасында ол тіл үйренушіге білімді жүйелі әрі кезең-кезеңімен ұсынудың маңызын атап өтіп, грамматикалық құрылымдарды тек теориялық емес, қолданыс аясында меңгертудің тиімді жолдарын саралады. Сонымен қатар тілдің барлық дағдыларын өзара сабақтастықта дамытудың әдіс-тәсілдерін жан-жақты түсіндірді.
Семинар аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, тіл үйретудегі озық әдіс-тәсілдерді талқылауға мүмкіндік алды. Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға мазмұнды бағдарлама мен ұйымдастырылған семинар үшін алғыс білдіріп, мұндай кәсіби алаңдардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік танытты.


Баға беріңіз