Тіл мамандары Абай мұрасын ұлықтады

23 тамыз, 2024

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ұлы ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлын еске алуға арналған «Абай сөзі – Алаштың темірқазығы» атты танымдық шара өтті.

Ғылыми орталық қызметкерлері арасында Абай шығармашылығын насихаттауға арналған рухани-танымдық сағатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов, төраға орынбасары М.Сағымбаева, «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның бас директоры М.Жұмабай мен белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Іс-шара Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мамандары ұйымдастырған «Абай әлемі» көрмесінің таныстырылымымен басталды. Көрмеде Абай Құнанбайұлына қатысты қолжазбалар және кітаптармен қатар, ақындық бейнесін, қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасын аша түсетін басқа да құжаттар қойылған.

Ақынның рухани мұрасын талдап, еркін ой бөліскен жиынның кіріспе сөзін сөйлеген Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы:

«Абайдың кеңістігі» ұғымын біз бірнеше мағынада қолданамыз және көрсетпекпіз. Алдымен Абайдың адам ретіндегі тұлғалық кеңістігі және суреткер ойшыл ретіндегі шығармашылық кеңістігі деп топтаймыз. Одан кейін географиялық кеңістік, уақыт кеңістігі, әлеуметтік кеңістік, тарихи-этникалық кеңістік, діни кеңістік, жаһандық кеңістік, көркемөнер кеңістігін айтуға болады», – дей келе, осы кеңістіктердің ақын өміріндегі ықпалын кеңінен түсіндірді.

 «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшат Түсіпова «Абай және Алаш идеологиясы: Абай мәтіндерін канондау» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым Абайды Алаш идеологы және канон ақын ретінде насихаттау – Алаш қозғалысының көшбасшысы Ә.Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алатынына тоқталып: «Біріншіден, Абай шығармашылығындағы еуропалық және орыс әдебиетінің озық үлгілерін (формаларын) қазақи мазмұнмен шебер ұйымдастыруы. Бұл өз кезегінде алаштықтардың Батыстың озық дүниелерін қазақ қоғамына кіріктіру мақсатына сай үлгі болды. Екіншіден, Абай шығармашылығы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін сәтті симбиоздеу арқылы жаңа құрыла бастаған Алаш әдебиетіне дайын платформа бола алды. Үшіншіден, Абай шығармашылығында ғылым мен білімнің насихатталуы. Бұл Алаш қайраткерлерінің Қазақтықтың жаңа идентификациясын немесе моделін құру, сол арқылы мәдениетті дамыту мақсатындағы негізгі аспектілер болатын» деп Алаш қараткерлерінің Абайды басшылыққа алуына негіз болған себептерді атады.

Қорытынды сөз сөйлеген Оразгүл Асанқазықызы ақын шығармаларын тек жаттап айту, әндерін орындап насихаттау ғана емес, мәніне үңілетін, Абайдың асыл ойларын талқыға салып пікір білдіретін осындай танымдық шаралардың керектігін айта келе, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдірді.

Рухани-танымдық шарада тіл мамандары Абай әндерін орындап, шығармаларынан үзінділер оқыды.


Баға беріңіз