ТАЯУ ШЫҒЫС ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

06 маусым, 2024

 

3 маусымда «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары Таяу Шығыс техникалық университеті (ÖDTÜ), Eğitim факультетінің DİSCORE зерттеу тобымен (жетекшісі Hale Işık Güler) кездесті.
Кездесу барысында екі елдің тіл мамандары ауызекі тіл корпусы мен оның әзірлену жолдарын талқылап, корпустық зерттеу жұмыстары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, зерттеу тобымен қазақ тіліндегі шеттілдік терминдерді тіл табиғатына сай икемдеу мәселесі де айтылды.
Нәтижесінде Таяу Шығыс техникалық университеті мен «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның ғалымдары мәдениетаралық байланыс орнату мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Сондай-ақ, 4 маусымда Башкент университеті, Түрік тілі және әдебиеті бөлімінің профессоры Суер Экермен кездесті. Түрік тіліндегі терминдер мен қазақ тілінің терминжасам саласындағы ортақ мәселелер, дыбыстық ерекшеліктер жөнінде дәріс оқылды.

5 маусымда Түрік тілі қоғамының басшысы Осман Мертпен және Тіл білімі мамандарымен кездесіп, «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның бағыты мен өнімдері жөнінде баяндама жасады. Шара аясында тіл саласында, әсіресе, терминология мен тіл корпусы саласындағы жобалар таныстырылып, терминдерді игеру, стандарттау және түркі терминологиясына, әліпби, емле мәселелеріне қатысты ұсыныстар айтылды.


Баға беріңіз