Сирек қолжазба – құнды мұра

– Қарлығаш Ескендірқызы, әңгімемізді Орталық ғылыми кітапхананың құрылу тарихынан бастасақ…
– Кітапхананың тарихы 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Алматыдағы қазақстандық базасының алғашқы ғылыми бастауыш ұйымының ашылуымен басталды. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы құрылып, кітапхана «Орталық ғылыми кiтапхана» дәрежесіне ие болды. Кітапхана дамуының, ғылыми деңгейінің маңызын анықтауда Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың орны ерекше. Орталық ғылыми кітапхананың қалыптасуының, дамуының негізгі кезеңдері ғалым есімімен тығыз байланысты. Сол жылдары ғылыми-зерттеу мекемелерінің тақырыптары бойынша міндетті ақылы басылымдар, атақты ғалым-академиктер В.Комаров, А.Архангельский, Н.Курнаков, Д.Зелениннің жеке кiтапханалары, Мәскеу, Ленинград, Рига, Львов, Ташкенттің ірі кітапханаларының дублеттік қорларынан кітаптар алына бастады. Сонымен қатар академик Әлкей Марғұлан бастаған ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, ел ішінен, басқа республикалардан мұралар іздестірілді. Жиналған құнды жазбалар Орталық ғылыми кітапхана қорының маңызын арттырды десек те болады. Еліміздегі ірі кітапханалардың бірі саналатын Орталық ғылыми кітапханада 6 миллионға жуық ғылыми басылым бар. Кітапхана қоры ұлттық және шетелдік басылымдар, диссертациялар, ғылыми еңбектер, Қазақстан ғалымдарының жеке кітапханаларының аса бай жиынтығынан тұрады. Деректердің ауқымы өте үлкен: түпнұсқа қолжазбалармен қатар заманауи электронды ақпарат тасымалдаушылар да бар.
– Орталық ғылыми кітапхананың бөлімдері, оның ерекшеліктері жөнінде не айтасыз?
– Орталық ғылыми кітапхананың 7 функционалды бөлімі бар. Олар: кітапхана қорын жинақтап, есепке алу, әдебиеттерді ғылыми өңдеп, каталог ұйымдастыру, халықаралық кітап алмасу бөлімі; ғылыми библиографиялық бөлім; кітапхана қорын ұйымдастырып, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі; ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету, кітап қорын насихаттау бөлімі; ғылыми-талдамалық, әдістемелік бөлім; сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі; кітапхана технологияларын автоматтандыру бөлімі. Кітапхана қоры баспалардан, кітап дүкендерінен сатып алынған кітаптар, ғылыми-зерттеу институттардың, жеке ғалымдардың еңбектері, мерзімді басылымдарға жазылу арқылы, Ұлттық Ғылым академиясының журналдары, Мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан әдебиеттер, Халықаралық кітап алмасу, Орталық ғылыми кітапхананың көрсеткіштері, сандық форматқа көшірілген құжаттар арқылы толықтырылады. Кітапхана 65 мемлекеттің 455 мекемесімен кітап алмасады. Қазақстан ғылымының жетістіктері шетелдерге «Ұлттық Ғылым академиясының хабаршысы», «Ұлттық Ғылым академиясының хабарлары», «Ұлттық Ғылым академиясының баяндамасы» арқылы насихатталуда.
Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың бұйрығы бойынша тарихи маңызы бар құнды халық мұрасын жинақтап, сақтау мақсатымен 1959 жылы 22 қаңтарда құрылды. Бұл кезде кітапханада қазақ тіліндегі әдебиеттер, өткен жылдар басылымдары, Қазақстанның мерзімді басылымдары аз болды. Бөлім ертеректегі ғылыми басылымдар мен ұлттық әдебиетті жинақтап, оқырмандар арасында насихаттау жұмыстарын жолға қою, ғылыми құнды сирек басылымдарды сақтау үшін аса қажет еді. Қазіргі таңда қор көлемі 300 мың данадан асады.
Сирек кітаптар мен қолжазбалардың жалпы хронологиясы: ХII, XVI-ХХ ғасырлардағы (1940 жылға дейінгі) басылымдарды қамтиды. Олар елдің мәдени мұрасы болып саналады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына: XII, XVIII-XXI ғасырлардағы қолжазба құжаттар; XVII-XXІ ғасырлардағы сирек ғылыми басылымдар; XIX-ХХ ғасырлардағы қазақ тіліндегі сирек басылымдар мен қолжазбалар; көне славян тіліндегі кітаптар; орыс зерттеушілерінің Қазақстан туралы еңбектері; көркем безендірілуі мен полиграфиялық орындалуы жағынан бірегей кітаптар; XVI-XIX ғасырлардағы шетелдік сирек басылымдар; XVIII ғасырдан бүгінге дейінгі шығыс тілдеріндегі басылымдар; сирек микро-, фото-, ксерокөшірмелер; 1917 жылға дейінгі орыс тіліндегі сирек журналдар; ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейінгі орыс тіліндегі ғылыми әдебиет және т.б. кіреді.
Мәселен, кітапхана қорында Ыстанбұл қаласында шамамен XX ғасырдың басында шыққан «Құран» кітабы бар. Оны «Құранның» алғашқы бетіндегі өрнектелген «Матбағ Османиа» деген жазу айғақтайды. «Құран» шығыс қағазына, араб жазуының насих үлгісінде жазылған. «Құран» сүрелерінің жазуы анық, бірақ өте ұсақ болғандықтан, оқылуы қиын. Бастапқы және соңғы беттеріндегі өрнектеліп жазылған жазулардан жылын, баспасын ажыратуға болады, бірақ кітап өте кішкене болғандықтан, арнайы лупалармен карау керек. Бұл «Құран Кәрім» ХХ ғасырдың басында шыққан, осы күнге жеткен өте сирек кездесетін толық нұсқасы деуге болады.
«Хандар шежіресі» деп аталатын қолжазба 1964 жылы кітапхана қызметкері Е.Байболов деген адамның атына келіп түскен. Қолжазбаны жолдаушы С.Кулбасинов деген азамат мекен-тұрағын «РСФСР, Челябинский облысы, ст. Субутах, Магнитный Зерно совхозының Южное отделениесі» деп көрсетіпті. Қолжазбаның ені – 45 см, ал ұзындығы – 3 метр. Қолжазбаның жазылған уақыты, жері, жазған адамның аты-жөні белгісіз. Олар туралы ешқандай дерек жоқ. Қолжазбаның аты да көрсетілмеген. Мазмұн-мәтініне қарап, «Хандар шежіресі» деп аталды. Қағазына, жазу үлгілеріне, стиліне қарағанда бұл – XVIII ғасырлардың туындысы деген болжам бар.
Сирек ғылыми басылымдар қатарына жататын Л.Магницкийдің «Арифметика», Ф.Канкриннің «Тау-кен және тұз өндірудің алғашқы іргетасы», Д.Аничковтың «Теориялық және практикалық геометрия», Д.Скополидің «Энтомология» еңбектерін жатқызуға болады. Сонымен қатар жазушылар мен ғалымдардың көзі тірісінде басылып шыққан кітаптар қатарына А.С.Пушкиннің «Руслан мен Людмила» атты поэмасын, Н.И.Гнедич аударған Гомердің «Илиадасын», Д.Менделеевтің «Аналитикалық химия» туындысын, М.Ломоносовтың «Орыс халқының қысқаша шежіресін», Г.Гейнзиустың неміс тілінен аударған «Кометалар сипаттамасын», В.Севергиннің «Ресей мемлекетінің жер сипаттамасынан тәжірибе» атты туындыларын топтастыруға болады.
Шет тілдеріндегі сирек кітаптарға атақты неміс саяхатшысы, географ, шығыстанушы, тарихшы, математик және физик Адам Олеарияның «Московияға, Московиядан Парсы еліне және қайта оралу саяхатының баяндамасы» атақты туындысын, нидерландық саяхатшы Ян Стрюйстің «Путешествия в Московию, Тартарию, Персию», өнер тарихшысы, суреткер, суретші, Бавария мұражайының директоры Яков Генрих Гефнердің «Орта ғасыр христиан костюмдері», Бронислав Залескийдің «Қырғыз даласының өмірі» деген еңбектерін топтастыруға болады. Осындай тарихтың көзі іспетті қазыналы дүниелер еліміздің өткенінен мол ақпарат береді.
– Кітапхана жұмысында заманауи технологиялардың қолданысы қалай?
– Бүгінгі технологиялар дамыған кезеңде кітапхана оқырмандары да өзгерді. Көпшілігі ақпаратты ғаламтордан алатын болды. Дегенмен, кітаптар – сол ақпаратты дәлелдейтін дерекнама ғой. Адамдар бәрібір кітаптан айрыла алмайды. Уақыт өткен сайын мүмкіншіліктер де арта түсуде. Қазіргі таңда жаңа технологиялар арқылы оқырмандарымыз Орталық ғылыми кітапхананың қорларымен электрондық каталог арқылы сырттай танысып, басылымдарға тапсырыс бере алады, цифрлық форматқа көшірілген құжаттарды пайдалана алады. Ендігі заман талабына сәйкес пайда болған автоматтандыру бөлімі жайына аз-кем тоқтала кетейін. Орталық ғылыми кітапханада автоматтандырудың алғашқы толқыны 1980 жылдары басталды. 2000 жылдардың басында бір маманымыз Мысыр еліндегі Александрия кітапханасына барған сапарында цифрлық форматқа, яғни электронды нұсқаға айналдырылған кітаптар жөнінде мәлімет әкелген еді. Біз мұны керемет жаңалық ретінде қабылдап, осы бағыттағы жұмыстарға кірісіп кеттік. Бүгінде 5000-нан астам құнды дерек, мұралардың электронды нұсқасы дайын, сайт арқылы оқып, білуге болады. Соңғы кездері «кітап қорының қажеті жоқ, электронды жүйеге көшу керек» деген мәселелер де туындап жатыр. Уақыт өте келе бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын. Біз дәстүрлі кітапхананы сақтай отырып, электронды кітапхананы құрудамыз. Яғни оқырмандар кітапхананың сайты арқылы үйінде отырып не әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, компьютер, телефон арқылы кітаптардың электронды нұсқасын еркін пайдалана алады. Осылайша, технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, оқырмандар назарын кітапханаға бұра білдік. Яғни бүгінгі таңда, кітапхана қорын әр адам қалтасына салып жүр деуге болады.
Орталық ғылыми кітапхана – республикадағы ғылыми-библиографиялық қызмет көрсету орталығы. Ал мұндағы бірнеше библиографиялық сериялар зияткерлік меншік сертификатына ие. Қазақстан ғылымының іргелі және қолданбалы зерттеулерін библиографиялық ақпараттармен қамтамасыз ету үшін Орталық ғылыми кітапхана көптеген ғылым салалары бойынша өңірлік, проблемалық-тақырыптық, ағымдағы және ретроспективті библиографиялық көрсеткіштер шығарады. Көрсеткіштерді кітап түрінде ғана емес, электронды нұсқасын да дайындаймыз.
– Енді ғылыми кітапхананың оқырмандары туралы ой бөліссек. Сіздерге қай саланың оқырмандары көбірек келеді?
– Қазір «Оқырмандар базасы» бойынша 51 мың адамнан астам оқырманымыз бар. Оның 38 мыңнан астамы тұрақты оқырман есебінде. Осы санның 37 пайызын ғылыми мамандар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары құрайды, докторант, магистрант, студенттер 55 пайызын иеленсе, 8 пайызы – басқада оқырмандар. Оқырмандардың 39%– жаратылыстану ғылымдары, 43% – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар, 13% – техника ғылымдары, 3% – медицина, 2% – ауыл шаруашылық саласының мамандары.
– Сирек қордың, қолжазбалардың ғылыми айналымға түсуі жөнінде не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік бағдарламалар, ғылыми жобалар, ғылыми-зерттеу институттарының зерттеу тақырыптарына байланысты сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың ғылыми айналымға түсуі жақсы деп айтуға болады.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы басталғалы бері өз тарихын ұлттық қордың кітаптарынан, тарихи құжаттарынан іздеушілер көбейіп келеді деуге негіз бар ма?
– Елбасының мақаласынан кейін ғалымдар тарапынан тарих, әдебиет, тіл, мәдениет жөніндегі мемлекеттік бағдармалар, ғылыми жобалар бойынша сұраныс көбеюде. Яғни көне мұралар арқылы кешегіні түгендеуге деген талпыныс артып келеді. Әсіресе биыл сирек қолжазбаларға деген сұраныс көбейді. Осыған байланысты кітапхана қорындағы сирек мұралардың, қолжазбалардың тақырыптық, мазмұндалған қөрсеткіштерін дайындап, ғылыми айналымға енгіздік.
Кітапханада автордың баспадан шығарған өз кітаптарын алып келген жағдайлар болады. Бізде қорларды қалыптастыратын комиссия бар. Басылымдардың саласына, мазмұнына, ғылымилығына қарап, шешім қабылдайды, мазмұндық, заңдық тұрғыдан сараптап, қорға өткіземіз. Әрине, ғылыми кітапхана болғандықтан, кез келген кітап талғаусыз қабылдана бермейді.
– Арғы ғасырларды айтпаған күннің өзінде, бергі 100 жылда қазақ халқы төрт рет әліпби алмастырып отыр. Латын әліпбиіне көшу науқанының кітап, кітапхана үшін қандай тиімді жақтары бар деп ойлайсыз?
– Қазіргі кезде технология қарқынды дамып келеді. Сондықтан кітаптың басылып шығуына кедергі жоқ. Әліпби ауысуы қазақ халқының кітап оқуына, кітапханалардың болашағына теріс әсерін тигізеді деп ойламаймын. Кітапхана қорымызда латын әрпімен шыққан басылым көп, оқырмандар пайдаланып келеді. Жақында Астанада өткен «Рухани жаңғыру –ұлт бағдары» атты конференцияда көрме ұйымдастырдық. Іс-шараға қатысқан ғалым, саясаткер, мұғалім, оқушы, т.б. қатысушылар латын жазуындағы әдебиетті емін-еркін оқи алатынына көзіміз жетті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Баға беріңіз