Семей қаласында «Тәрбие басы – тал бесік» республикалық форумы өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 қараша, 2025

 

2025 жылғы 18 қарашада Семей қаласындағы «Ес-аймақ» рухани орталығында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Тәрбие басы – тал бесік» атты республикалық форум өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында мемлекеттік тілді дамыту жөнінде берген тапсырмалары мен «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталды.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай, Цифрлық трансформация орталығының басшысы Айгерім Тельжанқызы Серікжанова мен мамандары, өңір әкімдіктерінің өкілдері, зиялы қауым, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен әдіскерлері қатысты.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай «Технология арқылы тіл үйрену революциясы» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект технологиялары негізіндегі тіл үйрету құралдарының артықшылықтары, жекелендірілген оқыту жүйесі, мультимодальды әдістер және қазақ тіліне бейімделген инновациялық платформалардың маңызын атап өтті. Ол сондай-ақ BalaTili, Tilqural, Steppe Games, TilMedia, Emle.kz, Sozdikqor.kz, Termincom.kz, Qazgramma және Til-Qazyna дауыстық көмекшісі сияқты отандық тілдік цифрлық өнімдердің білім беру жүйесіндегі рөліне тоқталды.

Цифрлық трансформация орталығының басшысы Айгерім Тельжанқызы Серікжанова «Қазақ тіліндегі жасанды интеллект модельдерін оқыту: Til Qazyna тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, қазақ тіліне бейімделген AI модельдерін әзірлеу, табиғи тілді өңдеу технологиялары, Til-Qazyna ЖИ көмекшісі туралы ақпарат ұсынды. Ол қазақ тілін қолдайтын инновациялық технологиялық шешімдердің экожүйесін қалыптастыруда ЖИ модельдердің маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында мемлекеттік тілді ғылым тілі ретінде дамыту, цифрлық кеңістіктегі қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру, жасанды интеллект технологияларын тіл үйрету үдерісіне енгізу және ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиені білім беру жүйесіне интеграциялау мәселелері жан-жақты талқыланды.


Баға беріңіз