Республикалық терминшілер байқауының жеңімпаздары марапатталды

Tilalem.kz

Tilalem.kz

22 қыркүйек, 2026

 

22 қыркүйек Астана қаласында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында республикалық терминшілер байқауының қорытындысы шығарылып, үздік қатысушылар марапатталды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен ұйымдастырылған байқау биыл, 20 сәуір мен 31 тамыз аралығында «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» электрондық алаңы аясында өткізілді. Байқаудың мақсаты – қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, терминологиялық қорды жетілдіру, ұлттық терминдерді қалыптастыру үдерісіне қоғам өкілдерін тарту және осы бағытта ізденіп жүрген азаматтарды қолдау.

Қатысушылар Termincom.kz интернет-ресурсындағы «Алаң» айдарына тіркеліп, белгіленген талаптарға сәйкес терминологиялық талдау жұмыстарын жүргізді. Олар бекітілген терминдер тізіміне енбеген, қате қолданылып жүрген немесе қолданысында пікір қайшылығы бар терминдерді анықтап, олардың орнына қазақ тілінің заңдылықтарына, терминжасам қағидаттарына және мағыналық ерекшеліктеріне сәйкес келетін балама нұсқалар ұсынды.

Әр қатысушы байқау талаптарына сәйкес 5 терминге талдау жасап, ұсынды. Келіп түскен жұмыстар жинақталып, қазылар алқасының қарауына жолданды.

Қазылар алқасы жұмыстарды мазмұны, сапасы, тілдік тұрғыдан негізділігі, терминжасам талаптарына сәйкестігі және ұсынылған баламалардың қолданысқа енгізу мүмкіндігі секілді белгіленген критерийлер бойынша бағалады.

Биылғы байқауға 50 адам қатысты. Байқау қорытындысы бойынша 9 қатысушы жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Бас жүлде – Көкбөрі Мүбарак

І орын – Ерлан Хұсаинов

ІІ орын – Аинаш Туғанбаева

ІІІ орын – Гүлзада Муталяпова және Гаухар Асылбек

Ынталандыру сыйлығы – Құралай Ізтұрғанова, Шалқар Есболат, Азамат Жүсіпбеков және Әділет Айданбек

Марапаттау рәсімінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан байқау жеңімпаздарын құттықтап, терминологияның ғылым мен білімнің, кәсіби коммуникацияның және мемлекеттік тілдің дамуына қызмет ететін маңызды сала екенін атап өтті.

Шара барысында қазылар алқасының төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы байқауға ұсынылған жұмыстарға баға беріп, қазақ терминжасамының дамуындағы оң үрдістерге тоқталды.

Ғалымның айтуынша, байқау барысында ұсынылған жаңа баламалар қазіргі қазақ терминжасамының әлеуетін көрсетеді. Атап айтқанда, «фудкорт» – «дәмалаң», «лайфхак» – «оңайла» секілді баламалардың ұсынылуы жаңа ұғымдарды ұлттық тілдік негізде атауға деген ізденістің бар екенін аңғартады.

Байқаудың ерекшелігі – оған әртүрлі жастағы, әртүрлі кәсіби ортадан шыққан азаматтардың қатысуы. Солардың қатарында 92 жастағы Жармакин Олжабай атамыздың болуы ерекше атап өтуге тұрарлық. Олжабай Қайкенұлы байқауға терминдер ұсынып қана қоймай, марапаттау рәсіміне арнайы қатысты.

Терминологияға деген қызығушылығы мен белсенді азаматтық ұстанымын жоғары бағалаған ұйымдастырушылар Жармакин Олжабай Қайкенұлына Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының арнайы Алғысхатын табыстады.

92 жастағы қатысушының байқауға белсенді араласуы терминология мәселесіне деген қызығушылықтың жас ерекшелігіне қарамайтынын және қазақ тілінің дамуына үлес қосу әр азаматтың ортақ ісі екенін көрсетеді.

Республикалық терминшілер байқауы қазақ терминологиясына қызығушылық танытқан азаматтарды бір алаңға жинап, жаңа терминдер мен баламаларды ұсынуға, оларды кәсіби тұрғыдан саралауға және ұлттық терминологиялық қорды толықтыруға мүмкіндік берді.

Байқау нәтижелері терминжасам саласында кәсіби мамандармен қатар, қазақ тілінің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың да ізденісі мен шығармашылық әлеуеті жоғары екенін көрсетті.

Ұлттық терминологияның дамуы – ғылым мен білімнің, өндіріс пен технологияның, қоғамдық өмірдің жаңа ұғымдарын қазақ тілінде орнықты атаумен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, республикалық терминшілер байқауы жаңа терминдерді ұсынатын, талдайтын және олардың қолданысқа енуіне үлес қосатын белсенді орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Шара соңында ұйымдастырушылар байқауға қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.

Ұлттық терминологиялық қорымыз мазмұнды да сапалы, қолданысқа өміршең жаңа терминдермен толыға берсін!


Баға беріңіз