Республикалық терминология комиссиясының жаратылыстану-математика бағыты бойынша алғашқы отырысы өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 қыркүйек, 2026

 

2026 жылғы 16 қыркүйекте Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Республикалық терминология комиссиясының жаратылыстану-математика бағыты бойынша 1-отырысы өтті.

Отырыс барысында дене тәрбиесі және спорт саласына қатысты «Спортмастер» ұсынған 427 термин жан-жақты талқыланды. Терминдер салалық мамандар мен тілтанушылардың қатысуымен ғылыми, кәсіби және тілдік тұрғыдан сараланып, қазақ тіліндегі қолданысына қатысты ұсыныстар қарастырылды.

Іс-шараға Республикалық терминология комиссиясының мүшелері – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Тіл саясаты комитетінің Лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, комиссия хатшысы Гүлфариза Мұқан, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек, Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сарқыт Әлісжан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор міндетін атқарушысы, химия ғылымдарының кандидаты Күлзада Бажықова, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің гистология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Марал Ерғазина, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Жалпы білім беру кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Жонкешов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Төлеухан Иманқұл, Қ.Сәтбаев атындағы ғылыми-зерттеу техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Тоғыс Қарманов қатысты.

Сонымен бірге отырыс жұмысына Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD) Өркен Мамырбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Қуат Сапаров және Назарбаев университетінің физика кафедрасының оқытушысы, философия докторы (PhD) Бекдәулет Шүкірғалиев қатысып, ұсынылған терминдерге қатысты кәсіби пікірлерін білдірді. Республикалық терминология комиссиясы жанынан құрылған салалық спорт секциясының мамандары да қатысып, дене тәрбиесі мен спорт саласындағы терминдердің кәсіби қолданысына байланысты ұсыныстарын ортаға салды.

Талқылау барысында бірқатар терминдер қазақ халқының ұлттық танымы, тілдің ішкі заңдылықтары мен қолданыстағы терминологиялық тәжірибе тұрғысынан қайта қаралды. Мамандардың ұсыныстары негізінде қазақ тіліндегі баламалар нақтыланып, бекітілді.

Қаралған терминдер қатарында спорт саласына қатысты кәсіби ұғымдарды қазақ тілінде бірізді қолдану, терминдердің мағыналық дәлдігін сақтау және ұлттық терминологиялық қорды толықтыру мәселелеріне ерекше мән берілді. Бұл жұмыс дене тәрбиесі мен спорт саласындағы қазақтілді терминологияны жүйелеуге және оның ғылыми-кәсіби қолданысын жетілдіруге бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша мақұлданған терминдер Республикалық терминология комиссиясының шешімімен бекітіліп, кейін Termincom.kz интернет-ресурсында орналастырылатын болады.

Республикалық терминология комиссиясының жаратылыстану-математика бағыты бойынша өткен 1-отырысы салалық терминологияны жетілдіру, ғылыми ұғымдардың қазақ тіліндегі баламаларын жүйелеу және терминдерді бірізді қолдану бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі болды.


Баға беріңіз