Қызылорда қаласында «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тиімді тәжірибелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті
2025 жылғы 21 қарашада Қызылорда қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тиімді тәжірибелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атынан Жобаларды басқару орталығының басшысы Сандуғаш Баймаханқызы Кенжебаева қатысып, баяндама жасады.
Семинар жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, өңірлік тілдерді дамыту басқармалары, тілдерді оқыту орталықтары, ұлттық компаниялардың өкілдері, филолог-ғалымдар, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, тіл мамандары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ облыстық және аудандық филиал төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен мемлекеттік тілге жауапты қызметкерлер қатысты.
Семинар екі бөлімнен тұрды: тәжірибелік және пленарлық. Тәжірибелік бөлім «Анаға тағзым» ғимаратында өтті. Қатысушылар мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобалармен және өңірлердің тиімді тәжірибелерімен танысты.
Осы бөлім аясында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Жобаларды басқару орталығының басшысы Сандуғаш Кенжебаева орталық әзірлеп жатқан цифрлық және әдістемелік жобаларды таныстырып, «Цифрлық технологиялар арқылы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту тәжірибелері» тақырыбында баяндама жасады.
Сонымен қатар өңірлік өкілдер өз тәжірибелерімен бөлісті:
– Абай облысы «DIGITAL ABAI» IT-хакатоны негізінде мемлекеттік тілді дамытудың әдістерін таныстырды;
– Қостанай облысының «Тілдарын» орталығы «Ұлттық диктант» жобасын өткізудің үздік тәжірибесін ұсынды;
– Атырау облысының өкілдері әкімшілік құқық бұзушылықтарды бірыңғай платформа арқылы басқарудың тиімділігін көрсетті;
– Солтүстік Қазақстан облысы ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу және мемлекеттік мекемелердің тіл талаптарын сақтауына байланысты тәжірибесін таныстырды.
Әр ұсыныстан кейін сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар өңірлер арасында қолдануға болатын тиімді тәсілдерді талқылады.Семинардың пленарлық бөлімі Қызылорда облысы әкімдігі ғимаратында жалғасты. Бұл бөлімде мемлекеттік тіл саясатын іске асырудағы озық тәжірибелер, бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл саясаты, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі дамуы, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері қаралды.
Пленарлық отырыста Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары мемлекеттік тілдегі ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды ұсынды. «Тіл-Қазына» орталығы цифрлық технологиялар негізінде қазақ тілінің қолданысын кеңейту бағытындағы жұмыстарды таныстырды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мемлекеттік тілді ұлттық құндылықтар арқылы дамыту тәжірибесін бөлісті. «Қазақстанның орыс қауымы» Қызылорда филиалы мемлекеттік тілді оқытудың тиімді әдістерін таныстырды.
Семинар қорытындысында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттарымен марапатталды. Семинар-кеңес мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, өңірлер арасындағы тиімді тәжірибелерді тарату және тіл саясатын цифрландыру бағытында тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң болды.
Баға беріңіз