ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗГЕШЕ МІНЕЗДЕРІ

Газета жүзінде қазақтың һәр­­түрлі кемшіліктері түр­ті­ліп жазылып жатыр. Мысалы: ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқ­тылар. Рас, мұның бәрі аянышты ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 желтоқсан, 2022

Ол қылықты түсініп, түзу жолға салушылар болса да дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап ке­туге ық­тимал еді, бірақ, қожа, мол­да, ишандардың схо­­лис­тик (алық) ғылымын та­­ра­­тып, елдің ойын, рухын, қол-аяғын кісендеп, бір ке­сімді тар жолға тығып, адам­шылықты тағдырдың қа­­зы­ғына кылқылдатып бай­ла­ды да қойды. Түсінгенше қа­заққа дін де оп-оңай сіңіп кеткен жоқ, түсінген соң табандап іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұратын азулы, айдынды хан сықылды бір күш керек еді, халықтың бақытсыздығына қарай жақсы­ның сиреген кезінде күш кетіп, мынадай соққы жолықты. Қа­зақтың ұлттық қалпы өз­герілді. Тірлігі, мақсұты бас­қа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қа­заншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті. Қазақтың тұрмысы өзгер­ді. Киіз үйде қыстап, суық­­қа шынығып, қуатты, қай­ратты денелі өсетін қазақ, та­залығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі кө­терілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себепті адамның есімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мы­салы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл – бір. Екінші, сол уақта, өзі сүйрете алмаған бірлікке қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық, залымдық қара бұлт­тай қоршап, халықты ас­­таң-кестең қылып, өзді-өзі­мен атыстырып, көзді шел қаптады. Күннен-күнге өрші­ген қалың сасық тұманнан шыға алмай адасып келіп-келіп түсіп отырған халіміз, міне – осы күнгі. Партиядан тарайтын фітнәнің бірсыпырасын айтайық: партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті. Себебі: болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған жағдайда сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды. Екінші, партияның малын жаудың малындай ішіп-жеген халық (оны) қайта құсып, қолындағы өз малын азайтты. Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағының қырсығы бұл. Енді «дін» жағымызға не келтірді? Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылық, ант­қор еместік, құдайдың атын жеңілге сал­мау­лық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-иман, құран де­ге­ніңіз бержебайшының ісін­дей қадырсыз. Құдайға қылған құл­шылық, қайыр-садақа пар­­­тияның бірімсегіне жүріп ке­­теді. Дінге келген кемшілік осы. Енді қазақтың мінезіне (ах­лаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұя­сы­нан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгіл әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы – жалғыз ғана басы, құлқыны. Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бұған таласымыз жоқ. Бір­лікшілміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер та­была қоймас, алтыбақандық, қа­занбұзарлыққа мақ­тансақ мақ­танайық. Сүйтіп, ұсақтап келіп, жау­жүрек батырларымыздың ба­тырлығы ауыл-үйдің малын ұр­лауда қалды. Бұрынғы би­лер­дің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды. Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқы­ғандарында да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы: «ұлтым», – деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды. Сайып келгенде, қазақта қа­лып тұрған өзгеше мі­нез­дер: тілі айтқанды қолы қыл­майтын – тұрақсыздық, ұйым­сыздық, басынан аспайтын – өзімшілдік, ездік. Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқы­­­ғандар ендігі жас ба­ла­ларға өздері үлгі болып, на­дандықтан шығарып, адам­шы­лықтың жарық жа­ғына сүйреуге міндетті. Со­ларға қа­­­зақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жү­рекпен кемшіліктерге қар­сы тұрып, бірлік жібіне жармасуларынан басқа не тілей аламыз.

Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ


https://anatili.kazgazeta.kz/news/25115


Баға беріңіз