Қазақша үйретудің жолы көп
Қазақ тілін үйрету енді тек оқулық пен грамматикалық ережеге тәуелді емес. Цифрлық платформалар, мобильді қосымшалар және жасанды интеллект тіл үйренушіні шынайы қарым-қатынасқа бейімдеп, оның деңгейі мен қызығушылығына қарай жеке оқу бағытын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Ш.Шаяхметов атындағы Тіл-Қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымының кандидаты Жазира Ысқақова сұқбат барысында «Тіл-құрал» мен Abai.institute платформаларының мүмкіндіктері, Димаш Құдайбергеннің әндері арқылы қазақ тілін үйрету жобасы туралы баяндап берді.
Жазира ЫСҚАҚОВА,
Ш.Шаяхметов атындағы Тіл-Қазына ұлттық ғылыми-практикалық,
орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымының кандидаты:
Тіл платформалары
– Бүгінде қазақ тілін тек грамматикалық ережелер мен сөздерді жаттату арқылы үйрету жеткіліксіз. Сондықтан Орталық әзірлеген цифрлық өнімдердің негізіне коммуникативтік оқыту қағидаты алынды. Яғни басты мақсат – қолданушының тілді өмірлік жағдаяттар арқылы табиғи меңгеруіне жағдай жасау. Платформалардағы тапсырмалар дүкенде, әуежайда, жұмыста, қонақта сияқты күнделікті кездесетін жағдаяттарға негізделген. Соның арқасында тіл үйренуші сөздер мен грамматикалық құрылымдарды жеке-жеке емес, нақты қолданыс аясында меңгереді.
Тағы бір маңызды бағыт – интерактивті диалогтер. Қолданушы тапсырманы орындап қана қоймай, виртуалды кейіпкермен сөйлесіп, сұрақтарға жауап береді, түрлі жағдаяттарда өз ойын жеткізуге машықтанады. Мұндай жаттығулар сөйлеу дағдысын қалыптастырып, тілдік кедергіні азайтуға көмектеседі. Оқу материалдары бейнероликтермен, аудиомәтіндермен және түрлі интерактивті тапсырмамен толықтырылған.
Жаттығулар білімді жаттап алуға емес, оны іс жүзінде қолдануға бағытталған. Мәселен, сөйлем құрастыру, диалогты жалғастыру, жағдаятқа сәйкес жауап таңдау сияқты тапсырмалар күнделікті қарым-қатынасқа қажетті тілдік дағдыларды қалыптастырады.
Онлайн оқу
– Осы цифрлық ресурстар әртүрлі аудиторияның қажеттілігіне сай әзірленген. Мәселен, «Тіл-құрал» мобильді қосымшасы қазақ тілін жаңадан үйрене бастаған ересектерге арналған. Онда әліпбиден бастап А1 деңгейіне дейінгі оқу материалдары, күнделікті өмірде жиі қолданылатын сөйлесу үлгілері, сөздік жаттығулары мен аудиомәтіндер жинақталған. Қосымша жаңа сөздерді меңгеруге ғана емес, оларды дұрыс дыбыстап, күнделікті қарым-қатынаста қолдану дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.
Ал Abai.institute платформасы шетелдегі қандастарға, шетел азаматтарына және қазақ тіліне қызығушылық танытқан кез келген адамға арналған. Платформаның басты ерекшелігі – қазақ тілін сегіз тіл арқылы үйренуге мүмкіндік беруінде. Мұнда деңгейлік оқу бағдарламалары, бейнесабақтар, интерактивті тапсырмалар және қазақ халқының тілі мен мәдениетін таныстыратын түрлі материал ұсынылған. Осы арқылы пайдаланушылар тек тілді меңгеріп қана қоймай, қазақтың мәдениеті мен рухани құндылықтары туралы да жан-жақты мәлімет алады.
Қазір Орталық Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы арқылы қазақ тілін үйретуге бағытталған жаңа жобаны әзірлеп жатыр. Аталған бастама әлемнің түкпір-түкпіріндегі әншінің тыңдармандарына қазақ тілін музыка арқылы үйренуге жағдай жасауды көздейді.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл ресурстар педагогтер үшін де тиімді көмекші құрал. Платформадағы мәтіндер, аудио және бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар мен деңгейлік тестілерді мұғалімдер сабақ барысында қосымша оқу материалы ретінде пайдаланып, оқу үдерісін мазмұнды әрі заманауи форматта ұйымдастыра алады.
Өмір мектебі
– Платформаға алғаш тіркелген пайдаланушы диагностикалық тестілеуден өтеді. Соның нәтижесінде оның қазақ тілін меңгеру деңгейі (А1–С1) анықталып, оқу материалы соған сәйкес ұсынылады. Бұл әр адамның өз деңгейіне лайық білім алуына мүмкіндік береді. Жалпы оқу бағдарламасы күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдаяттарға негізделген. Тіл үйренуші танысу, сауда жасау, қоғамдық қызметтерді пайдалану, жұмыс, денсаулық сақтау, саяхат сияқты түрлі тақырыптар бойынша сөйлесу дағдыларын қалыптастырады. Осы арқылы сөздік қорын кеңейтіп қана қоймай, қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасауға машықтанады.
Қосымшадағы сөздік жаттығулар, аудиомәтіндер және интерактивті тапсырмалар жаңа сөздерді есте сақтауға, олардың дұрыс дыбысталуын меңгеруге және тыңдалым дағдысын дамытуға бағытталған. Барлық материал кәсіби дикторлардың қатысуымен дыбысталған. Мәселен, пайдаланушы әуежайда билет рәсімдеу, дәріханада қажетті дәріні сұрау, дүкенде сауда жасау немесе мемлекеттік қызмет көрсету орталығында қажетті ақпарат алу сияқты күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдаяттарда қолданылатын сөздер мен сөйлеу үлгілерін меңгереді. Мұндай практикалық тапсырмалар тілді нақты қарым-қатынас жағдайында қолдануға дағдыландырады.
Цифрлық жүйе жетіледі
– Әрине, барлық цифрлық өніміміздің жұмысы тұрақты түрде талданып отырады. Пайдаланушы саны, қолданылу жиілігі және сервистердегі белсенділік сияқты көрсеткішті тұрақты түрде бақылап, талдап отырамыз. Бұл қай бөлімдердің сұранысқа ие екенін, қай тұстарын жетілдіру қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылардың ұсыныстары мен кері байланысына ерекше мән береміз. Олардан келіп түскен пікірлер мен ескертулер оқу материалдарын толықтыруға, тапсырмаларды жетілдіруге және сервистердің функционалын жаңартуға негіз болады. Сондықтан цифрлық өнімдеріміз пайдаланушылардың сұранысына сәйкес үнемі жетілдіріліп, жаңартылып отырады.
Қазір тіл үйретудің жаңа мүмкіндіктерін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі – TilQazyna Lingua мобильді қосымшасы. Бұл жоба жасанды интеллект технологиялары негізінде қазақ тілін кезең-кезеңімен үйренуге арналған жаңа буындағы цифрлық платформа болады. Қосымша бірнеше тіл арқылы қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік береді және тіл үйренушінің деңгейіне сәйкес оқу материалдары мен интерактивті тапсырмаларды ұсынады. Сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі функцияларды енгізу көзделген.
Бұл жоба қазақ тілін Қазақстан азаматтарына ғана емес, шетелдік пайдаланушылар мен қандастарға да қолжетімді әрі тиімді форматта үйретуге бағытталған. Сондықтан біздің цифрлық өнімдеріміз заман талабына сай үздіксіз жаңартылып, тіл үйретудің жаңа технологияларын енгізу арқылы дамып келеді.
Ғылыми негіздегі оқыту
– Орталығымыздың айрықша атап өтер негізгі ғылыми бағыттарының бірі – терминология және қазақ тілін оқыту әдістемесі. Осы бағытта тілді оқытудың ғылыми негіздерін жетілдіруге және оларды тәжірибеде қолдануға арналған бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Кейінгі кезде қазақ тілінің А1–С1 деңгейлеріне арналған лексика-грамматикалық минимумдары әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Бұл құжаттар әр деңгейде тіл үйренушінің қандай сөздік қорды меңгеруі және қандай грамматикалық құрылымдарды игеруі қажет екенін ғылыми тұрғыдан айқындайды. Бүгінде оларды оқытушылар мен әдіскерлер оқу бағдарламасын әзірлеуде және оқу үдерісін жоспарлауда басшылыққа алып келеді. Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулер халықаралық деңгейде де өз бағасын алғаны қуантады. Мысалы, қазақ тілінің лексика-грамматикалық минимумдарының тиімділігіне арналған мақаламыз Scopus дерекқорына енетін ғылыми журналда жарияланды.
Жазып алған
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/65533
Баға беріңіз