Қазақ тілінің лексика-грамматикалық минимумы тіл мамандарына таныстырылды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бес деңгей бойынша лексика-грамматикалық минимумын жарыққа шығарған болатын.
Жаңа әзірленген оқу-әдістемелік құралдар мен кітаптардың таныстырылымы 5 ақпан күні «Тіл-Қазына» орталығында өтті. Жиында Қазақ тілін үйретудің А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған лексикалық және грамматикалық құрылымдардың толық тізімі мен оқу құралдарының артықшылықтары, тың тәжірибе туралы сөз болды.
Түрлі ғылыми орталық мамандары мен тіл оқытушылар, ғалымдар қатысқан басқосуда көптеген пікірлер айтылды. Бірнеше оқулықтың авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева орталық мамандарының ізденістерін жоғары бағалай отырып, бұл еңбекке басқа да ғалымдардың қатысуы жөн дегенді алға тартты. Өйткені тек ұжымдық тәжірибенің соңы жақсы нәтижеге апарары анық. Оның пікірінше, ұсынылған лексика-грамматикалық минимумның басты ұстанымдарына өзгеріс енгізу қажет, грамматика жағында ескерусіз қалған тұстар баршылық.
ЛГМ құрастыру жұмысын жетілдіруге басқа да ғалымдар ниетті екендіктерін білдірді. Әріптестерінің еңбегіне ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқали, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қазақ филологиясы зертханасының меңгерушісі Айман Ақтановалар оң бағасын берді.
«Жалпы әлемдік тілдерді оқыту тәжірибесінде қарапайымнан жоғары деңгейге дейін арнайы сөздікқор мен грамматиканы қолдану стандарттары қалыптасқан. Қазақ тілін деңгей бойынша оқытуда қолданылатын коммуникативтік жағдаяттарға сай лексикалық, грамматикалық тақырыптар, сөздікқор сараланып, лексика-грамматикалық минимум құрастырылған. Сонымен бірге грамматикалық материал қарапайымнан күрделіге ұстанымы бойынша әр деңгейге жинақталып берілген» деді оқулық авторларының бірі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның Абай институты жетекшісі, PhD Ләйлә Демесінова.
Басқосуды қорытындылаған Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов: « Қазақ тіліне деген сұраныстың артуы тіл оқыту әдістемесінің жетілуіне ықпал етеді, яғни қолданысқа ұсынылып отырған лексика-грамматикалық минимум жан-жақты жүргізілетін сынама жұмыстарынан кейін қайта өңделіп, толығып отыратыны анық» деді.
Лексика-грамматикалық минимумдар (ЛГМ) халықаралық CEFR стандарттарына (Common European Framework of Reference – шет тілдерін меңгеру бойынша жалпы еуропалық стандарттар) толық сәйкес келетін әдістемелік өнім. ЛГМ тіл үйренушілерге қазақ тілін жүйелі, ғылыми негізделген және тиімді тәсілдермен меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу құралдары тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым дағдыларын үйлестіріп, тілдік кедергілерді жеңуге көмектеседі. Әр деңгейге арналған белсенді лексика мен грамматикалық құрылымдар қазақ тілін үйренушілердің күнделікті қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бұл минимумның ерекшелігі – отандық тәжірибеден бөлек ағылшын, түрік, орыс тілдерінде лексика мен грамматиканың минимумын түзу тәжірибелері негізге алынған. Тіл меңгерудің бастапқы (А1) деңгейінен бастап, базалық (А2), жалғастырушы (В1,В2), жоғары (С1) деңгейлеріне сай сөздер жинақталған.
ЛГМ құрастырушыларының ішінде халықаралық деңгейде әдістемелік тәжірибесі бар лингвист-ғалымдар: А.Қ. Балабеков, Н.Ж. Дәулеткереева, Л.М. Демесінова, Ж.М. Ысқакова, А.М. Қалиева, Г.А. Мұсаева, Ж.К.Сүйінжанова.
Баға беріңіз