Қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілдеріне арналған республикалық онлайн семинар өтеді
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 22–24 сәуір аралығында «Тіл үйретудегі лингводидактикалық тәсілдерді трансформациясы» атты республикалық онлайн семинар өткізеді.
Семинардың мақсаты – теориялық білім мен практиканы кіріктіре оқыту негізінде тіл үйретушілердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру.
Іс-шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов қатысады. Алғашқы күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай модераторлық етеді. Сондай-ақ екінші және үшінші күндері Басқарма төрағасының орынбасары Лиза Есбосын жүргізеді.
Бағдарлама аясында тәжірибелі мамандар өз білімдерімен бөліседі. Атап айтқанда, «QazaqshaLike» әлеуметтік парақшасының және онлайн курс авторы, тіл үйретуші әдіскер, филология ғылымдарының магистрі Ердігүл Дәдібасқызы, Назарбаев университетінің оқытушысы, докторант Айдар Балабеков және Qazline.kz қазақ тілін үйрету платформасының негізін қалаушы, филология ғылымдарының магистрі Динара Еселбай дәріс оқиды.
Семинар барысында қатысушылар қазақ тілін оқытудың заманауи әдістемелерімен танысып, коммуникативтік құзыреттілікке негізделген тапсырмалар әзірлеуді, оқу материалдарын жүйелеуді және сабақ құрылымын тиімді жоспарлауды тәжірибе жүзінде меңгереді.
Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталады.
Баға беріңіз