ҚАЗАҚ МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ІЗАШАРЛАРЫ

1 сәуір – дүниежүзілік математика күні. Осы күнге орай қазақ тілді математика ғылымының дамуына үлес қосқан біртуар тұлғалар туралы құнды мәлімет.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

01 сәуір, 2024

 

Міржақып Дулатұлыбастауыш мектептің 2-сынып оқушыларына арналған «Есеп құралы» оқулығының авторы. 1922 жылы Ташкентте алғаш рет басылған. Алаш арысының қазақ балаларының арифметикалық сауаттылығын арттыруды көздеген бұл еңбегі бірнеше дүркін басылып шыққан. Мәселен, 1925 жылы Орынбор қаласында төртінші рет басылған «Есеп құралы» 10 мың данамен тараған. Оқулық 98 беттен, 3 тараудан тұрған. Таңбалары анық, оңай оқылады. І бөлім: «100-ге шейін сан», ІІ бөлім: «1000-ға шейін санау амалдары», ІІІ бөлім: «Төрт амалдық есептер» деп аталады.  

Сұлтанбек Қожанұлы –  негізгі қызметімен қоса, қазақтілді математиканың дамуына, жетілуіне ықпал еткен Алаш ғалымдарының бірі.  1924 жылы қазақ мектебінің математикадан алғашқы оқулығы «Есептану құралын» шығарады. Жеңіл тілмен жазылған оқулықта арифметиканың негізгі тәсілдері баяндалған. Сұлтанбек Қожанұлы ғылым тіліне, терминге баса көңіл бөлген. Ол «жон», «ұзындық шеңбер», «ендік шеңбер», «жарыс шеңбер» деп бірқатар геометриялық атаулардың қазақ тілді нұсқасын ұсынған.

Елдес Омарұлы – қазақ математика ғылымы тарихында кітап жазған ізашар тұлғалардың бірі. Ол 1928 жылы Қызылордада «Пішіндеме» (Геометрия) еңбегін басып шығарады. Жоғары сынып оқушыларына арналған кітап екі бөлімнен тұрады. 1-бөлімде кеңістіктегі геометриялық фигуралардың қасиеттері сөз болса, 2-бөлімде кеңістік пішіндері, ұқсастығы, шамасы, өлшемі сияқты тақырыптар, күрделенген ұғымдар сөз болады. Еңбекте түрлі геометриялық пішіндердің атауы «үшкіл», «төрткіл», «теңгіл», «көпкіл», т.б. деп беріліп, «аксиома», «теорема» деп қалыптасқан атаулардың «түйін», «дәйек» деп баламасы жасалған.

Қаныш Сәтбаев –  19 жасында  тұңғыш ғылыми еңбегі «Алгебра» оқулығын жазып бастаған қайраткер ғалым. Ол 1919-24 жылы 11 бөлімнен тұратын «Алгебра» оқулығын орыс ғалымы, математик А.П Киселевтан қазақшаға аударған. 1924, 1927 және 1929 жылы бірнеше рет бірнеше баспаға мақұлданып қабылданса да, техникалық және саяси кедергілердің кесірінен («Казиздат», «Центриздат») басылмай қалады. Қ.Сәтбаев өзінің «Математикалық терминдер сөздігінде»  220 термин түзген.  «Түбір, «дәреже», «бірмүшелік», «көпмүшелік», «дәрежеге сатылау», «қос шаршы теңдеу» секілді сәтті атаулар ұсынған. Қ.Имантайұлы логарифм, радикал, парабола, мантисса сияқты халықаралық терминдерді сол күйі беруді жөн тапқан.

 

Әлімхан Ермекұлы – Алаш арысы, математика саласы бойынша тұңғыш профессор атағын алған қазақ. 1935 жылы «Ұлы математика курсы» кітабын шығарады. Автор математикалық ұғымдарды қазақы түсінікке сыйғызып, ықшамдап, термин түзіп жазған. 1-бөлімде аналитикалық геометрия негіздері, 2-бөлімде дифференциал мен интеграл негіздері баяндалады. Кітап техника мектептері, техникумдерге және ЖОО-на арналған. Ә.Ермекұлы сонымен қатар 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін шығарып, онда  «шама», «кему», «өсу», «түзу сызық», «жазықтық», сызықтық функция», «қисықтар», «кеңістіктегі координат» секілді терминдер жасаған.  


Баға беріңіз