ПРОКУРАТУРА ҚЫЗМЕТІНЕ «QAZGRAMMA» ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КЕШЕНІН ЕНГІЗУ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
2026 жылғы 28 қазанда Қосшы қаласындағы ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Прокуратура органдарының қызметіне цифрлық және жасанды интеллект шешімдерін енгізу: тәжірибе және перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынды Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Бүркіт Нұрмағамбетов пен аталған институттың доценті, заң ғылымдарының кандидаты Александр Сырбу жүргізді. Дөңгелек үстелдің ашылуында Академияның бірінші проректоры, заң ғылымдарының кандидаты Сауле Сапаралиева алғы сөз сөйлеп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект шешімдерін құқық қорғау саласында қолданудың маңызын атап өтті.
Іс-шара аясында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары прокуратура органдарының қызметінде QAZGRAMMA цифрлық кешенін қолдану мүмкіндіктері мен практикалық мәселелерін таныстырды.
«Тіл-Қазына» орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Сандуғаш Кенжебаева мен Жасанды интеллект бөлімінің басшысы Бауыржан Серікбай «Прокуратура органдарының қызметінде QAZGRAMMA кешенін қолдану мүмкіндіктері мен практикалық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада QAZGRAMMA кешенінің негізгі функциялары, оны ресми және қызметтік құжаттармен жұмыс істеу барысында пайдалану жолдары, сондай-ақ технологияны құқық қорғау саласының талаптарына бейімдеу мәселелері қарастырылды.
QAZGRAMMA қазақ тіліндегі мәтіндердің орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық қателерін анықтауға, стилистикалық сапасын жақсартуға көмектеседі. Кешенді қызметтік хаттарды, ақпараттық анықтамаларды, есептерді, оқу-әдістемелік материалдар мен басқа да мәтіндік құжаттарды алдын ала тексеру үшін қолдануға болады. Бұл ретте жүйе ұсынған түзетулерді құжат авторы немесе жауапты маман тексеріп, соңғы шешімді өзі қабылдайды.
Баяндамашылар қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктерін, салалық терминдердің қолданысын және мәтіннің мәнмәтінін ескерудің маңызын атап өтті. Әсіресе прокуратура саласында құқықтық терминдердің орныққан мағынасын, ресми құжаттағы міндеттеу, рұқсат беру және тыйым салу мәндерінің айырмашылығын сақтау қажет. QAZGRAMMA тілдік редакциялауға арналған құрал болғандықтан, ол құқықтық шешімнің негізділігін бағаламайды және маманның кәсіби жауапкершілігін алмастырмайды.
Сонымен қатар баяндамада «Тіл-Қазына» орталығы мен Құқық қорғау органдары академиясы арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Тараптар арасында жасалған меморандум аясында QAZGRAMMA кешенін енгізу жөніндегі 2026–2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. 2026 жылғы 15 қыркүйекте Академия қызметкерлеріне кешеннің функционалдық мүмкіндіктері таныстырылып, мәтінді тексеру және редакциялау құралдарын пайдалану тәртібі түсіндірілген.
Алдағы бірлескен жұмыста кешенді нақты жұмыс үдерістеріне бейімдеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау, әртүрлі құжат түрлеріндегі тілдік түзетулердің сапасын бағалау және техникалық ықпалдастыру мүмкіндіктерін зерделеу мәселелеріне назар аудару көзделеді. Тәжірибелік сынақтар жүйенің қай бағытта тиімді қолданылатынын және қандай функцияларды жетілдіру қажеттігін анықтауға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстелде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллектті енгізудің практикалық тәсілдері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Құқық қорғау органдары академиясының Кәсіби оқыту институтының доценті, PhD докторы Ерлан Мыңжанов құқық қорғау органдарының қызметіне цифрлық өнімдер мен киберқылмысқа қарсы технологияларды енгізу мәселелерін қозғады.
Іс-шараға ҚР Бас прокуратурасының, Бас әскери прокуратураның, Бас көлік прокуратурасының, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Астана және Қосшы қалалары прокуратураларының, сондай-ақ Құқық қорғау органдары академиясының өкілдері қатысты.
Баға беріңіз