Орталықтың ғалым хатшысы тағайындалды
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы болып филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ысқақова тағайындалды.
Ол Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмәмдаған.
Жазира Мақсұтқызы «Тіл-Қазына» ҰҒПО Әдістеме Lab бөлімінің жетекшісі ретінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен жүзеге асқан бірқатар ғылыми-әдістемелік жобаларды басқарды. Атап айтқанда:
• «Тіл-құрал» қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрететін мобильді қосымшасының әдістемелік мазмұнын әзірлеуші (2023);
• «Қазақ тілінің лексика-грамматикалық минимумдары (A1, A2, B1, B2, C1)» жобасының авторы және жетекшісі (2024);
• Түркия университеттерінде қазақ тілін оқытуға арналған «Қазақ тілі» A1, A2, В1 (түрік тілді аудиторияға арналған) оқу құралдарының авторы әрі жоба жетекшісі (2023–2025);
• Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған «Қазақ тілі әмбебап оқулығы» (B1, B2) жобасының жетекшісі және авторы (2022–2023).
Ғалымның 100-ге жуық ғылыми-әдістемелік еңбегі бар. Оның ішінде қазақ тілін оқытуға арналған 12 оқу-әдістемелік құрал, 1 монография, 1 ұжымдық монография жарық көрген. Сонымен қатар Scopus және Web of Science деректер базасында индекстелетін Q1–Q2 санатындағы жарияланымдарды қоса алғанда, халықаралық және отандық ғылыми журналдарда 20-дан астам мақаласы жарияланған.
Жазира Мақсұтқызы – қазақ тілін екінші/шет тілі ретінде оқыту саласында 20 жылдық тәжірибесі бар ғалым. Ол ғылыми жолын ересектерге арналған қазақ тілін практикалық тұрғыдан оқытудан бастап, кейін осы бағыттағы оқыту әдістемесін дамытуға арналған ғылыми, әдістемелік және IT жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді.
Жазира Мақсұтқызын жаңа қызметімен құттықтаймыз!
Алдағы ғылыми және кәсіби қызметіне табыс, шығармашылық жетістік, жаңа бастамалар мен нәтижелі жобалар тілейміз!
Баға беріңіз