Мемлекет басшысының қатысуымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

10 қараша, 2026

 

2026 жылғы 10 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы өтті. Ауқымды іс-шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Құрылтайда мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейту, ұлттық рухани мұраны сақтау, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріндегі даму мүмкіндіктері қарастырылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақ тілінің ел бірлігін нығайтудағы және ұлттық тұтастықты сақтаудағы айрықша рөліне тоқталды. Президент мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін атап өтіп, қазақ тілін дамыту ісінде қоғамның белсенділігі мен ортақ жауапкершілігінің маңызды екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің білім беру, мәдениет және ақпарат салаларындағы қолданысына қатысты бірқатар көрсеткішті келтірді. Атап айтқанда, биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданғанын, өткен жылы жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылғанын, ал биыл елімізде түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шыққанын атап өтті.

Құрылтайда қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі болашағына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект жүйелерінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанын айтып, ана тіліміздегі сапалы әрі мазмұнды контентті көбейтудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, архив және музей қорларын цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жандандыру, интерактивті білім беру платформаларын дамыту, балаларға арналған анимациялық фильмдер мен ойындарды көбейту қажеттігі айтылды.

Президент қазақ тілі орфографиясының ғылыми негіздерін зерделеп, оны жетілдіру жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау міндетін де көтерді. Сондай-ақ тілдің халықаралық байланыстарын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің маңызына тоқталды.

Құрылтай барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мемлекеттік тілді дамыту жолындағы қызметіне де назар аударылды. Мемлекет басшысы қоғам мүшелерінің еңбегін атап өтіп, қазақ тілінің дамуына нақты іспен үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы мемлекеттік тілдің қазіргі даму үрдістерін саралап, алдағы кезеңдегі басым міндеттерді айқындаған маңызды жиын болды.


Баға беріңіз