Медицина саласындағы терминология мәселелері талқыланды

Tilalem.kz

Tilalem.kz

27 қыркүйек, 2024

 

Астана қаласында академик Н.Ж.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының ұйымдастыруымен «Жалпы медицина, оның ішінде травматология және ортопедия саласындағы терминология мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Медицина саласындағы терминдерді жетілдіру мен біріздендіру, терминжасам тәсілдері мен талаптары сөз болған басқосуда «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Терминология» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қарлығаш Қабай баяндама жасады. Ол өз кезегінде «termincom.kz» сайты мен медицина терминдерін жүйелеу мәселесіне тоқталды.
– Соңғы сегіз жылда Республикалық терминология комиссиясы медицина саласы бойынша 2710 терминді сараптап, бекітті. Бұл бекітілген терминдер – жалпы медицина, фармацевтика, педиатрия салаларын қамтиды. Кәсіби терминдерді жүйелеу және қазақы түсінікке сыйдырып, қолданысқа енгізу салмақты мәселе. Республикалық терминология комиссиясы бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын көре аламыз, – дейді ол.
Аталмыш жиынға ұлттық ғылыми орталық мамандары, республикалық терминология комиссиясының мүшелері, дәрігерлер, аудармашылар және жоғары оқу орындарының ұстаздары қатысты. Тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шарада мамандар кәсіби сөздерді аударудағы қағидалар мен қателіктерді талқылап, пікір алмасты.

 


Баға беріңіз