ЛГМ оқытушыларға таныстырылды

Tilalem.kz

Tilalem.kz

13 ақпан, 2025

 

Қазақ тілінің лексика-грамматикалық минимумы өңірлердегі оқу орталықтарының мамандарына таныстырылды.

Жақында шыққан бес деңгейлік оқу-әдістемелік құралының мамандарға арналған түсіндірмелі таныстырылымы бүгін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының конференц-залында өтті. Дәстүрлі және онлайн форматта өткен  жиынға 100-ден аса тіл маманы қатысты.

– Қазақ тілін үйретудің А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған лексикалық және грамматикалық әмбебап оқу құралы – түрлі жастағы, яғни бастауыш сынып оқушысынан бастап ересек, егде адамдарға дейін мемлекеттік тілді оқытудың жүйеленген жинағы. Бұл әдістемеліктің қандай да бір нәтижесі мұны қолданысқа енгізетін оқытушылардың қолында. Тіл үйренушілердің көрсеткіші арқылы біз бұл оқу-құралдарының нақты бағасын біле аламыз. Сондықтан бастарыңызды қосып, оқу-құралын егжей-тегжейлі таныстырып, түсіндіріп отырмыз. Ортақ жұмысымыз оң нәтижесін берсін, - деп отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов ашты.

Жиын барысында жоба авторларының бірі, Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы Айдар Балабеков лексика-грамматикалық минимумның әдістемелік және тілдік құзыреттілігіне тоқталды. Ол әдістемелікті әзірлеу барысында отандық және шетелдік ғалымдардың жұмыстары сараланып, қазақ тілінің табиғатына сай келетін методика таңдалғанын айтты. Сонымен бірге бұл жобаны қолға алудағы басты мақсат қазақ тілін оқытуда жеке-жеке түрлі бағдарламалармен емес жүйеленген оқу-әдістемесін енгізу екендігін атап өтті.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген лексика-грамматикалық минимум сапалық және сандық әдіс арқылы жасалған. Яғни, деңгейлік сөздерге мән бере отырып олардың қолданыс жиілігі назарға алынған.

Негізінен коммуникацияда белсенді сөздерге басымдық берілген. Әрбір деңгейдің (А1, А2) 60-70 пайыз сөз қолданысы жинаққа енген. Оқу құралында тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым дағдыларына сәйкес  тапсырмалар берілген. Сонымен бірге ауызекі тілде жиі қолданылатын тұрақты тіркестер, өзге тілде аудармасы жоқ сөздердің мағынасы қосымшада түсіндіріледі.

– Оқу-әдістемелік құралдағы тыңдалым, айтылым тапсырмалары QR-код арқылы беріледі. Біз халықаралық тәжірибелерді назарға ала отырып оқулық соңында құрылғыны (диск) қоса беруді жөн көрдік,- дейді жоба жетекшісі «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының жетекшісі PhD Ләйлә Демесінова.

Ал оқу-құралы негізінде әзірленген бейнесабақтар туралы жоба әзірлеушісі, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме Lab жетекшісі Жазира Ысқақова баяндап, А1, А2 деңгейлері бойынша әзірленген бейнедәрістердің https://abai.institute/ платформасында қолжетімді екендігін жеткізді.

Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен шығарылған оқу-әдістемелік құралдар өңірлік оқу орталықтарына және шетелдегі қазақ тілін оқытатын сыныптарға жолданды. Электронды нұсқасын tilalemi.kz сайтынан алуға болады.

 


Баға беріңіз