«ЭКРАН ДИКТОРЫ» ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛУДЕ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

30 шілде, 2024

 

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының көру қабілеті төмен азаматтарға арналған Экран дикторын шығарғанына төрт ай болды. Осы уақыт ішінде бұл электрондық қосымша халық арасына біршама тарап үлгірді. Электронды диктордың көмегімен қазақ тілінде толыққанды ақпарат алуға қол жеткізген азаматтар оған ризалықтарын білдіруде.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында ұстаздық етіп жүрген Аманжол Мұқанбетқазиев аталмыш қосымшаның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өте жағымды жаңалық болғанын айтады. Көру қабілеті төмен оның өзі де Экран дикторын күнделікті қолдана бастады. Оның айтуынша, бұған дейін мұндай қосымшалардың шетелдік нұсқалары қазақ тіліндегі мәтіндерді оқи алмаған, керек ақпарат ағылшын не орыс тілінде ғана қолжетімді болды.  Сондықтан Экран дикторының шығарылуы қазақ тілінің қолданыс аясын біршама кеңейтті.

Қоғам белсендісі Марат Жұманов қазақша мәтіндерді дыбыстайтын құралдың қажеттілігі туралы біраздан бері айтылып жүргендігін еске түсіріп, отандық ғалымдардың бастамасымен шығарылған бұл қосымшаға қатты қуанғандарын жасырмады. «Ұсынылған алғашқы нұсқа көңілден шықты, оның алдағы уақытта да біраз жетілдірілетініне сенімім зор» – деп, ол қосымша  шығарушыларына алғыс білдіріп, игі тілегін жеткізді.

Экран дикторы әлемдік стандарттарға сай, Android және Windows құрылғыларына лайықталып жасалды. Оның бірқатар қызметі бар. Мысалы, қолданушы өзі басқара алатын пернетақта пәрмендерінің кең жиынтығын қолдана алады. Соның арқасында пайдаланушылар үшін pdf, txt, doc форматындағы құжаттарды оқуға мүмкіндік туды. Сонымен бірге ол Интернет көмегінсіз-ақ офлайн режимде де жұмыс істей береді.

Мобильдік қосымшаны жүктеу, қолдану туралы мәліметтермен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар: https://screenreader.tilqazyna.kz/

Пайдалану барысында туындаған түрлі сұрақтар мен пікір-ұсыныстарыңызды мына электрондық поштаға жолдауға болады: pr@tilqazyna.kz


Баға беріңіз