«Көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті» атты республикалық курс басталды
2026 жылғы 18 маусымда Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығында» Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті» атты республикалық курс басталды.
Курсқа еліміздің 16 өңірінен тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органдардың 25 маманы қатысуда. Іс-шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға және қоғамдық коммуникация сапасын арттыруға бағытталған.
Шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан сөз сөйлеп, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетінің маңызына тоқталды. Ол қазіргі ақпараттық қоғамда әрбір маманның кәсіби біліктілігі атқарған жұмысымен ғана емес, оны көпшілікке қалай түсіндіріп, қалай жеткізе алатынымен де өлшенетінін атап өтті. Сондай-ақ ойдың жүйелілігі, сөздің анықтығы тыңдаушының сенімін қалыптастыратынын айтып, көпшілік алдында сөйлеу дағдысы бүгінде кез келген сала маманы үшін маңызды құзыреттердің біріне айналғанын жеткізді.
Екі күндік бағдарлама аясында тыңдаушылар көпшілік алдында сөйлеуге дайындық, шешендік өнер, медиа-коммуникация және дауыс қою бағыттары бойынша шеберлік сабақтарына қатысады.
Оқу бағдарламасының 80 пайызы практикалық жаттығуларға негізделген. Қатысушылар жеке сөз сөйлеу мәтіндерін әзірлеп, тапсырмалар мен жаттығулар арқылы өз дағдыларын жетілдіреді.
Аталған шара 19 маусым күні сертификат табыстау рәсімімен қорытындыланады.
Баға беріңіз