КӨКШЕТАУДА ТІЛ САЯСАТЫ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

01 шілде, 2024

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясатын тиімді іске асыру мәселелері бойынша алқалы жиын өткізді. 28 маусым күні өткен республикалық іс-шара Президент Қ.Ж.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оны қолдану аясын, әсіресе ғылым мен білім беру саласында одан әрі кеңейту мүмкіндігін қарастыру бойынша берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған.
Ойталқыда ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының бас директорының орынбасары, PhD Өркен Мамырбаев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Мақпал Жұмабай, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың аға оқытушысы, PhD Жансая Омарова сөз алды. Олар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін өздігінен оқып-үйренуге арналған ІТ-өнімдердің қолданысқа енгізу, қазақ тілінде сөйлеуді танитын жасанды интеллекті, креативті индустрия және қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
Орталығымыздың басшысы Мақпал Құрманжанқызы «Креатив индустрия және қазақ тілі» атты тақырыпта баяндама жасады. Ол қазақ тілін креативті индустрияның өзегіне теңеп, мемлекеттік тілдің заманауи әлеуеті туралы өзекті пікірлерін ортаға салды.
Республикалық семинарға өңірлердегі тіл мәселесіне жауап беретін басқармалардың жауапты қызметкерлері, тілдерді оқыту орталықтарының өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, ұлттық компаниялардың өкілдері, қазақ тілін жетік меңгерген этнос өкілдері және т.б. қатысты.


Баға беріңіз