«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы
Бас жүлде – 1 млн. теңге. Бірінші орын екеу, екінші орын екеу, үшінші орын екеу болмақ. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлықтары да қарастырылған. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жандандыру.
Бұл байқауға кәсіби журналистер, телевизия және радио, газет, ақпараттық портал, сайт қызметкерлері, жас журналистер, сондай-ақ байқау ережесінің талаптарына сәйкес мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жөнінде жариялым жасаған басқа да ел тұрғындары қатыса алады. Сонымен қатар қазақ тілі мәселесін қаузаған шетел азаматтары да бақ сынай алады.
Байқау екі номинациядан тұрады:
- «Үздік мақала» (Түрлі жанрда мәтін форматында жарияланған баспасөз материалы. Мәселен, газет-журналда немесе сайттарда жарияланған мақала, сұхбат, репортаж).
- «Үздік теле және радиобағдарлама» (Журналистика принципіне сай электрондық және мультимедиалық формат өнімі. Мәселен, теле-радио бағдарлама, телесюжет немесе кэпшн-видео).
Байқау шарты: елімізде және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстанның мемлекеттік тілін дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту жөніндегі журналистік материалдар жіберу. Бір автор екі туындысын жіберуі шарт. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 24 мамырға дейін баспасөз бен электронды порталдарда жарық көрген мемлекеттік және орыс тіліндегі материалдар қабылданады. Материалдар аналитикалық талдау, проблема мен оның шешу жолдарына негізделуі қажет. Байқау материалдарында қазақ тілінің қолданысын кеңейтудің тиімді жолдары мен тың әдістері көрсетілгені абзал.
Бәсекеге түсетін медиаөнімдерді бағалау қағидалары:
- тақырыпқа сәйкестік;
- қамтылған ақпараттың өзектілігі, нақтылығы мен шынайылығы;
- мәселені талдау тереңдігі;
- материалды жеткізу шеберлігі;
- журналистика принциптеріне сай келуі;
- заманауи шешім жолдарын көрсетуі.
Байқауға қатысушы үміткерлер ұсынған материалдар олардың кәсіби біліктерін, мультимедиалық сторителлинг және заманауи медиа мүмкіндіктерін, мемлекеттік тілді дамытудың заманауи моделін тұтас қоғамға және әрбір жеке оқырманға, тыңдарманға және көрерменге аша алуы қажет. Ұсынылатын материал авторының заманауи біліктілігі, оның ішінде дата-журналистік қабілеттері де ескеріледі. 2024 жылдың 24 мамыры – өтінім қабылдаудың соңғы күні.
Марапаттау барысы: Жеңімпаз бен жүлдегерлерге Астанада арнайы дипломдар, алғысхаттар және қаржылай сыйлықтар табысталады. Байқаудың қорытындысы туралы ақпарат сайыс аяқталғаннан кейін 3 жұмыс күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
❇ Тіркелу формасы сілтемеде ➡https://docs.google.com/forms/d/1PUUerio7WqwJvzW4G_17cYZQA30H9z9HF5TvvlUUPn4/edit
❇ Толық ереже келесі сілтемеде ➡ https://mssg.me/sayis
2023 жылдың жеңімпаздары туралы ақпаратпен таныссаңыздар болады ➡ https://tilmedia.kz/kk/info/1207
Баға беріңіз