Жастар конференциясында қазақ тіліндегі сапалы контентті дамыту мәселесі талқыланды
Астанада қазақ тіліндегі заманауи контентті дамыту, сапасы мен мазмұнын жетілдіру, сондай-ақ елдің ақпараттық кеңістігін қалыптастырудағы жастардың рөлін арттыруға арналған «МАЗМҰН: Мағынадан басталатын контент» республикалық жастар конференциясы өтті.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма төрағасы Мақпал Жұмабайдың құттықтау сөзімен ашылды.
Жиын барысында ұлттық болмысты сақтай отырып, қазіргі аудиторияның сұранысына сай қазақ тіліндегі контентті дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар отандық ақпараттық кеңістікте сапалы, мазмұнды әрі қоғамға пайдалы контенттің үлесін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Конференцияда өз саласының білікті мамандары спикерлік жасап, тәжірибелерімен және кәсіби көзқарастарымен бөлісті. Әдебиет пен тіл мәселелерін кеңінен насихаттап жүрген филолог, оқытушы Арын Құнанбай «Оқитын ми: жазғанды оқу мен оқығанды жазудың когнитивті қыры» тақырыбында баяндама жасады.
Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов институтта жүзеге асырылып жатқан цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект бағытындағы жобалар туралы таныстырды.
Танымал қазақстандық персоналды стилист, сән инфлюенсері және қазақ тіліндегі стильдік контентті дамытуға үлес қосып жүрген Бұлбұл Қалқанбаева ұлттық брендті қалыптастыру және оны заманауи контент арқылы насихаттау мәселесіне тоқталды.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің өкілдері, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жас ғалымдары және еліміздің барлық өңірінен келген белсенді жастар қатысты. Конференция тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды ортаға салуға және кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік берді.


Баға беріңіз