ЖАҺАНДАНУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ТҮРКІ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

01 қараша, 2024

 

Бүгін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Астана қаласында Ә.Қайдар мен Р.Сыздықтың 100 жылдығына орай «Жаһандану кезеңіндегі түркі терминологиясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Ғылыми басқосу Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовтің кіріспе сөзімен басталды. Ол түркі тілдерінің бірізді терминқорын жасау бұдан жүз жыл бұрын басталғанын алға тарта отырып, бұл мәселенің қазіргі таңда да маңызды, өзекті екендігін айтты.
– Техника мен технологияның, жаңа халықаралық сөздердің қолданысқа енуі бұл салада үздіксіз дамудың, толықтырудың қажет екендігін көрсетеді. Ал жаһандану дәуірінде түркі тілдерінің тұтастығын сақтап қалу үшін ғалымдардың, түрлі сала мамандарының бірігуі маңызды, – дей келе, конференция отырысына сәттілік тіледі.
Жиынның алғашқы баяндамасын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, ҚРҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы жасады. Ол түркі терминологиясын тіларалық біріздендіру мәселелеріне тоқталды.
– Түркі тілдері арасында ортақтық пен үйлесім азайып, алшақтық ұлғайып барады. Әр ұлт өз алдына термин жасай берсе, тілдік ұқсастығымыз ажырайды. Сондықтан түркі тілдері арасында тіларалық, халықаралық біріздендіруді қолға алып, электронды база жасау керек. Ал бұл мәселе ортақ, халықаралық ұйым не жауапты мекеме құрмай шешілмейді, – деген ұсынысын жеткізді.
Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор өкілі, профессор Наджи Генч техникалық терминдер сөздігін әзірлеу әдістерімен бөлісті. Ол бекітілген терминді қолданысқа енгізуді мектеп оқулықтары мен балаларға арналған анимациялық фильмдерден бастау керектігін алға тартты.
– Соңғы 100 жылда өмірімізге енген жаңа сөздердің баламасын жасау үшін техникалық сөздер тарихын іздеудің қажеті жоқ. Жаңа ұғымды қоғам қолданысына икемді жасай алу керек. Ал оны күнделікті сөз қорына қосу үшін ғылыми мақала жазу жеткіліксіз. Термин бастауыш сынып оқулығынан бастап телесериалдарда, деректі фильмдерде қолданылуы тиіс, – деді ол.
Халықаралық конференцияда ф.ғ.д, профессор Саялы Садықова (Әзербайжан), ф.ғ.д. Мұрадқасым Әбдиев (Өзбекстан), ф.ғ.д. Хусейн Йылдыз бен ф.ғ.д., доцент Абдулкадир Өзтүрк (Түркия), ф.ғ.д. Гүлназ Ягафарова (Уфа), ф.ғ.к. Ольга Галимова (Татарстан), профессор Исмайыл Қадіров (Қырғызстан) пен отандық ғалымдар түркі тілдеріндегі терминжасамның дамуы мен қазіргі үдерістері жайында баяндама жасады. Ғалымдар жаһандану кезеңіндегі түркі тілдері терминологиясының жай-күйі, ұлттық терминологиялық жүйені жетілдіру мен біріздендіру мәселелерін талқылады. Сала мамандары түркі терминологиясы базасын қалыптастырудың, толықтырудың өзекті мәселелеріне тоқталып, салалық терминдердің түркі тілді мемлекеттерде игерілу деңгейін жан-жақты қарастырды. Тамыры бір түркі тілдеріндегі шеттілдік терминдерді аударудағы тиімді, жаңа әдістерді зерделеу арқылы өзара тәжірибе алмасты.
Мазмұнды жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, түркітанушылар, терминолог ғалымдар, Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, докторанттар мен магистранттар және мектеп мұғалімдері, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, тіл жанашырлары қатысты.
Айта кетейік, конференция жұмысының қорытындысы ретінде электрондық жинақ әзірленіп, «Termincom.kz» сайтына орналастырылады.


Баға беріңіз