Бірде-бір сөйлеушісі қалмаған тілдің 6 тілдік сөздігі жарық көрді
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрзия Әбдікәрімқызы «Жоғалып бара жатқан түркі тілдерін пәнаралық тұрғыдан зерттеу: Монғолиядағы хотон этнотобы» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында жарық көрген «Хотон тілі» монографиясы мен «Хотонша–қазақша–түрікше–моңғолша–орысша–ағылшынша сөздік» кітабының авторларының бірі болды.
Ұжымдық зерттеу еңбегі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Жантас Жақыповтың жетекшілігімен дайындалған.
Аталған сөздіктің таныстырылымы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы және ғылым онкүндігі аясында «Қазақ тіл білімінің ғылыми мектебі: дәстүр, ізденіс, нәтиже» атты ғылыми жиында өтті.
Іс-шара барысында Қазақ тіл білімі кафедрасының ғалымдары әзірлеген жаңа еңбектер де көпшілікке ұсынылды. Атап айтқанда, 1 монография, 2 сөздік, 3 оқулық және 1 оқу құралы ғылыми айналымға енгізілді.
Ғалымдардың айтуынша, жойылып кеткен тілдің сөздік қорын қалпына келтіріп, алты тілде сөздік жасау – күрделі әрі маңызды жұмыс. Алтайтанушы, түрколог профессор Гүлғайша Сағидоллақызы бұл еңбекті түркітану ғылымына қосылған елеулі үлес ретінде бағалады.
ЕҰУ төрінде өткен игі шараға орталықтың ғалым хатшысы, ф.ғ.к. Жазира Ысқақова, Қолданбалы лингвистика бөлімінің басшысы, ф.ғ.к. София Ыдырыс, Әдістеме бөлімінің басшысы, PhD Қожахмет Әйгерім, PhD Өркен Әбдіров және басқа да ғылыми қызметкерлер қатысты.
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ардагер ғалымы, ф.ғ.к. Бақытгүл Дәуітбекқызы жаңа еңбектердің тұсауын кесу құрметіне ие болды.
Іс-шара соңында Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Қаныш Бибеков жиынға қатысушыларға алғысын білдіріп, «Тіл-Қазына» орталығымен ғылыми әрі іскерлік байланысты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Баға беріңіз