«БЕКІТІЛГЕН ТЕРМИНДЕРГЕ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
2026 жылғы 6 қарашада Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасының қорытынды семинары өтті. Іс-шара онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылды.
Семинарды ғылыми орталықтың басқарма төрағасының орынбасары Лиза Есбосын жүргізді. Жиынның кіріспе сөзін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан сөйледі.
Кіріспе сөзінде Эльмира Арысланқызы жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, олардың нәтижелерін саралаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ мониторинг барысында жинақталған тәжірибе мен сараптамалық тұжырымдар алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға және келесі кезеңдегі міндеттерге негіз қалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинар барысында филология ғылымдарының кандидаты, жоба жетекшісі Бақытгүл Ысқақ 2026 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндама жасады.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері ұлттық терминдердің үлес салмағын арттыру, терминдерді жүйелеу және біріздендіру, электрондық терминологиялық қорды қалыптастыру мақсатында «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 17 323, жаратылыстану-математика бағыты бойынша 20 768, жалпы саны 38 091 терминге мониторинг жүргізілді.
Төрт жылдық жұмыс нәтижесінде сарапшылар тобы 1302 терминнің бірнеше рет қайталанып бекітілгенін, 1200-ден астам терминнің семантикалық, прагматикалық және функционалдық талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған. Аталған мәселелерді реттеу және терминологиялық қордың сапасын арттыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жиында тәуелсіз сарапшы, Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сарқыт Әлісжан мониторинг нәтижелеріне қатысты сараптамалық пікірін білдірді. Ал Е.Бөкетов атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев бекітілген терминдердің терминологиялық нормаға, оның ішінде семантикалық, формалдық және прагматикалық талаптарға сәйкестігі мәселелеріне тоқталды.
Семинар соңында қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, жоба нәтижелері бойынша ұсыныстар мен пайымдар ортаға салынды. Қатысушылардың жазбаша ұсыныстары жинақталып, жобаның қорытынды шығармашылық есебімен бірге Тіл саясаты комитетіне жолданады.
Қорытынды семинар жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралауға, мониторинг нәтижелерін талқылауға және бекітілген терминдердің сапасын арттыруға бағытталған алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.
Баға беріңіз