Астанада Республикалық терминология комиссиясыныңжаратылыстану-математика бағыты бойынша 5-отырысы өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 қараша, 2025

 

2025 жылғы 20–21 қараша күндері Шайсұлтан Шаяхметов атындағы«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Республикалық терминология комиссиясының (жаратылыстану-математика бағыты) 5-отырысы өтті. Отырыста дене тәрбиесі және спорт саласына арналған «Комментатор сөздігі» бойынша ұсынылған 614 термин жан-жақты талқыланды.

Отырыстың жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, ғылыми қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, тіл саласының мамандары және Республикалық терминология комиссиясының мүшелері қатысты.

Отырыс жұмысына Республикалық терминология комиссиясының мүшелері — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тлешов, Тіл саясаты комитетінің Лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, комиссия хатшысы Гүлфариза Мелдешқызы Мұқан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Жамалбекқызы Айдарбек, Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сарқыт Қалымұлы Әлісжан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессор м.а., химия ғылымдарының кандидаты Күлзада Бегалықызы Бажықова, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің гистология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Марал Жүнісбекқызы Ерғазина, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Сейсенбекұлы Жонкешов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Төлеухан Шойбасұлы Иманқұл, сондай-ақ офлайн режимде Қ.Сәтбаев атындағы ғылыми-зерттеу техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Тоғыс Досмырзаұлы Қарманов қатысты. Сонымен қатар Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының қауымдастырылған профессоры, PhD дәрежесінің иегері Өркен Жұмажанұлы Мамырбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Қуат Табылдыұлы Сапаров және Назарбаев Университетінің Физика кафедрасының оқытушысы, философия докторы (PhD) Бекдәулет Темірболатұлы Шүкірғалиев отырыс жұмысына белсенді қатысып, ұсынылған терминдер бойынша кәсіби пікірлерін білдірді.

Терминдерді бекіту процесіне «Комментатор сөздігі» авторларының бірі Арман Әлменбет қатысып, комиссия мүшелеріне спорттық құрал-жабдықтардың атауларын, қимыл-әрекеттердің ерекшеліктерін көрнекі түрде түсіндіріп отырды. Автор әзірлеген слайд материалдары спорт түрлеріндегі нақты жағдайларды көзбе-көз көрсетуге мүмкіндік берді.

Талқылау барысында бірқатар терминдер қазақ халқының танымымен төл тіліміздің табиғаты тұрғысынан қайта қарастырылып, қазақ тіліндегі баламалары бекітілді. Бұл қазақ тіліндегі спорт терминологиясын байытуға және ұлттық терминқорды жүйелеуге елеулі үлес қосты.

Отырыстың қорытындысы бойынша бекітілген терминдер Республикалық терминология комиссиясының шешімімен мақұлданып, Termincom.kz сайтында орналастырылатын болады.

Республикалық терминология комиссиясының 5-отырысы жаратылыстану-математика бағыты бойынша салалық терминологияны жетілдіруге және ғылыми терминологиялық жүйені біріздендіруге бағытталған маңызды шара болды.


Баға беріңіз