Астанада қазақ тіліндегі жасанды интеллектті дамытуға арналған LLM Workshop өтті
2026 жылғы 22 мамырда Астана қаласында, Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) базасында қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі дамуына арналған LLM Workshop өтті.
Іс-шара «Қазақ тілін қолдауға және технологиялық прогреске арналған үлкен тілдік модельді (LLM) әзірлеу» жобасы аясында ұйымдастырылды. Workshop-тың негізгі мақсаты – қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді, жасанды интеллект технологияларын және оларды тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін талқылау.
Жобаны ғылыми және зерттеу ұйымдарынан құралған консорциум жүзеге асыруда. Оның құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI), Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы кіреді.
Жиынға Назарбаев Университеті мен ISSAI сарапшылары, зерттеушілер, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ консорциумға мүше ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесуде қазақ тіліндегі жасанды интеллект технологияларын дамыту, үлкен тілдік модельдердің сапасын бағалау, визуалды-тілдік жүйелерді жетілдіру және генеративті жасанды интеллектпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері талқыланды.
Қатысушылар сондай-ақ тілдік модельдерді түрлі есептеу құрылғыларында тиімді іске қосу, қазақ тіліндегі деректер сапасын арттыру және жасанды интеллект шешімдерін нақты қолданбалы міндеттерге бейімдеу мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Мұндай кездесулер қазақ тілінің цифрлық ортадағы қолданысын кеңейтуге, отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», – дейді ұйымдастырушылар.
Баға беріңіз