Астанада Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектерінің тұсаукесері өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 сәуір, 2026

 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ғимаратында көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнестің ғылыми еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Арыс» баспасы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.
«Ғылым. Қоғам. Кітап әлемі» тақырыбымен өткен жиын қазақ руханиятына, алаштану мен мәтінтану саласына, сондай-ақ ұлттық мұраны жүйелеу мен ғылыми айналымға енгізу ісіне зор үлес қосқан ғалым еңбектерін кеңінен танытуға арналды.
Салтанатты жиынды Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов жүргізді. Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров құттықтау сөз сөйлеп, Ғарифолла Әнестің ұлттық ғылым мен руханиятқа қосқан үлесін атап өтті.
Ғарифолла Әнестің асыл жары, филология ғылымының докторы Бағдан Момынова көрнекті ғалымның еңбектері мен артында қалдырған мол мұрасын ерекше тебіреніспен еске алды. Оның айтуынша, Ғарифолла Әнес ұлт руханияты үшін өлшеусіз еңбек етті.
Іс-шара барысында Ғарифолла Әнестің шығармашылығы мен ғылыми мұрасына арналған бейнебаян көрсетіліп, жаңа ғылыми басылымдардың тұсаукесері өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Басқосуда ғалымның қазақтың ғылыми ойы мен рухани жадын жаңғырту жолындағы еңбегі ерекше аталып өтті. Әсіресе оның Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу, жүйелеу және жариялау бағытындағы қызметі жоғары бағаланды. Ол Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Құдайберген Жұбанов еңбектерін қайта әзірлеп, ғылыми айналымға енгізуге елеулі үлес қосты.
Ғалым жетекшілігімен жарық көрген «Алаш. Алашорда» энциклопедиясы, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының көптомдық жинақтары, сондай-ақ «Алаш – 100» атты 100 томдық мегажоба қазақ ғылымы мен руханияты үшін құнды мұра ретінде бағаланды. Сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы көптеген басылымды араб қарпінен қазіргі жазуға көшіру арқылы ұлттық мұраны жаңғыртудағы еңбегі де ерекше атап өтілді.
Шара аясында «Арыс» баспасының жаңа кітаптары да таныстырылды. Бұл жиын ғылыми мұраны жариялау, кітап мәдениетін дәріптеу және ұлт руханиятына қызмет еткен тұлғалардың еңбегін кейінгі буынға танытуға бағытталған маңызды мәдени-ғылыми алаң болды.
Ғарифолла Әнестің ғылыми және баспагерлік қызметі қазақ қоғамының тарихи жады мен зияткерлік кеңістігін байытуға бағытталған іргелі еңбектермен сабақтас. Осы тұрғыдан алғанда, аталған тұсаукесер ұлттық ғылым мен қоғамдық ойдың сабақтастығын айқындаған мазмұнды рухани кездесу ретінде бағаланды.


Баға беріңіз