"Алтын домбыра" кімге бұйырады?

«Алтын домбыра» айтысын алқалы қауым асыға күтеді. Жыл соңына қарай басты додаға түсетіндер де тас-түйін дайындала бастайды. Биыл жыр жәрмеңкесі бас қала Астанада өтеді. Қатысушылардың ішінде жыл бойы өткен айтыстарда оза шапқан мықтылардың бәрі бар. Атап айтқанда, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Мақсат Ақанов, Болатбек Оразбаев, Дидар Қамиев, Төлеген Жаманов, Тілеген Әділов, Нұрмат Мансұров, Шалқарбай Ізбасаров, Қазірет Бердіхан, Сырым Әділбек және Серік Қуанған айтыстың сәнін келтіріп, мәнді сөздерімен тартысқа түседі.
Тізгін әдеттегідей Айтыс ақындары мен жыр-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерманда. Тәуелсіздік тойының шымылдығын астаналық тұрғындар мен қала қонақтарының айтыспен ашуына мүмкіндік бар. Өтетін күні – 16-17 желтоқсан. Екі күнге созылатын аламан сағат 15.00-де басталады. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін «Алтын домбыра» алты рет өтті. Әр жылдарда Мұхтар Ниязов пен Жандарбек Жандарбек екі реттен бас жүлдені қанжығаласа, Аспанбек Аспанбек пен Балғынбек Имашевтың еншісінде бір-бір «Алтын домбыра» бар. Мұхтар 2012 және 2016 жылы жеңімпаз болса, Жандарбек 2013 және 2017 жылы үздік атанды. Балғынбек – 2014 жылы, Аспанбек 2015 жылы оза шапты. Биылғы бәсеке де тартысқа толы болмақ. Өйткені қатысушылардың барлығы дерлік жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар. Бас бәйгені үш рет иемденген айтыскерге алтын домбыра сыйға беріледі. Әзірге сайыс тарихында үш мәрте жеңімпаз шыға қойған жоқ.
Баға беріңіз