Алматыда отандық ғалымдар әзірлеген технология негізінде жаңа зауыт іске қосылды

Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 сәуір, 2026

 

Алматы қаласында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Жоба қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелері негізінде жүзеге асқан.
Жаңа өндіріс орны Satbayev University ғалымдарының қатысуымен отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың бірлескен еңбегі нәтижесінде ашылды. Мамандар жоба аясында өнім рецептурасын әзірлеп, шикізатты іріктеп, технологиялық үдерістерді бейімдеп, сериялық өндірісті жолға қойған.
 
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды өндіріспен ұштастыру, университеттер жанынан технологиялық парктер құру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр.
Diatomite зауыты Satbayev University базасында іске асырылып жатқан Technopark Stroytech ірі инновациялық жобасының бір бөлігі саналады.
 
Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда. Оған Satbayev University, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Металлургия және кен байыту институты, сондай-ақ индустриялық серіктес – «Savenergy» компаниясы қатысқан.
 
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жобаның ғылым мен бизнестің тиімді әріптестігінің нақты көрінісі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жоғары оқу орындары енді тек маман даярлайтын орталық қана емес, елдің индустриялық дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналып келеді.
Мамандар мұндай жобалар ғылым жетістіктерін нақты өндіріс саласына енгізуге жол ашып, отандық инновацияның дамуына серпін беретінін айтады.

Баға беріңіз