Алаш арыстары негізін қалаған қазақ лингвистикалық мектебі
Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңде қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігін сөз еткен зерттеушілер А.Байтұрсынұлы еңбектеріне сүйенгені байқалады:
Алайда, олар ұстазының ойларын сол күйінде қайталамай‚ сан қырынан қарастырып‚ толықтырулар енгізіп отырған. «Артикуляцияны дыбыстардың жүгені‚ физиология мен акустиканы – ноқтасы» деп түсінген ғалымдар (Малдыбайұлы Біләл) дыбыстарды жіктеуде айтылуын да‚ естілуін де‚ дыбыстау мүшелерінің дыбыс жасауға қатысуын да ескерген. Елдес Омаров «Қазақ тілінің дыбыстары» деген мақаласында көмейден (дауыс қабыршағының дірілдегенінен) шығатын дыбысты – дауыс‚ тілдің қозғалғанынан‚ таңдайдан‚ тістен‚ еріннен‚ мұрыннан шығатын дыбысты – жай дыбыс деп атай отырып‚ дыбыстардың топтастырылуын былайша түсіндіреді: «Қазақша дыбыстардың әрқайсысын осылай, ішіндегі дауысы мен жай дыбысының шамасына қарай тексерсек: 1) біздің дауысты дыбыстарымыздың бәрінде де жай дыбыстан да дауыс көп болады; жарты дауысты мен ұяң дыбыстарда дауыс та болады, жай дыбыс та болады, бірақ дауысты дыбыстарға қарағанда, дауыс аз болады да, басқа дыбыстардан дауысы артық болады. Қатаң дыбыстардың б-дан басқа алтауында дауыс мүлде болмайды» [1, 67].
Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлының дыбыстарды – дауысты, дауыссыз, жарты дауысты деп топтастыруы ұқсас. А.Байтұрсынұлы ұяң дауыссыздарды жалғау, жұрнақтардың ауанына қарай, әрі сөз соңында келмеуіне байланысты ымыралы, ымырасыз деп жіктесе, Е.Омаров жарты дауыстыларды қосымшаның басқы дыбыстарын өзгертуіне байланысты ымыралы, ымырасыз деп бөледі. Ал Қ.Кемеңгерұлында ымыралы, ымырасыз деген атаулар кездеспейді. Ғалымдардың бәрінде де дауыстылар құрамы (саны) мен қатаң дауыссыздарды топтастыруларында ұқсастық байқалады. Жалғыз-ақ б дыбысы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде қатаңға жатқызылса, Е.Омаров пен Қ.Кемеңгерұлының еңбектерінде ұяң дауыссыздар қатарына жатқызылған. б дыбысының дыбысталуы, естілуі, ұяң дыбыстармен қатар келуі т.б. ерекшеліктері жағынан қатаң дыбыстан гөрі ұяң дыбысқа жақын екенін Е.Омаров 1924 жылғы сійезде жасаған баяндамасында, сонымен қатар «Қазақ тілінің дыбыстары» т.б. мақалаларында жан-жақты талдаған болатын (бұрын п дыбысы естілгенімен, бірқатар сөздерде б дыбысы жазылған ғой, мысалы‚ болыб, жүріб т.б.). Қ.Кемеңгерұлы Е.Омаровтың осы пікірін мақұлдаған сияқты.
Е.Омаров‚ Қ.Кемеңгерұлы‚ Т.Шонанұлының [2] дыбыстарды топтастыруы бірдей. Қ.Кемеңгерұлы қатаң дыбысқа сәл дауыс қосылса‚ ол өзгеріп‚ ұяңға айналатынын ескеріп, әрі қатаң дыбыстар өзінен кейін қатаң дыбыстың (тасқа‚ таста)‚ ұяң дыбыстар ұяң дыбыстың (тазға‚ тазда) келуін қажет ететіндіктен‚ үнсіз дауыссыздарды жұптап топтастырады (т-д‚ п-б‚ ш-ж…). Ал үнді (мұрын шығысты дауыссыз бен жартылай дауысты) дауыссыздардың бұдан ерекшелігі – бір жағынан, сыңары болмайды‚ екінші жағынан‚ диссимиляциялық өзгерістерге түседі: мал-дар‚ Боран-бай‚ ұстан-бақ т.с.с.
Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Т.Шонановтардың қатаң, ұяң дауыссыздарын А.Байтұрсынұлы «Дыбыстарды жіктеу туралы» [3] деген мақаласында «қысаң жолды», «босаң жолды дауыссыздар» деп атайды. Дыбыстарды жіктеуде осы терминдерді Қ.Жұбанов та пайдаланады. Е.Омаров, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлының қазақ тіліндегі дыбыстарды топтастыруы А.Байтұрсынұлының аталған мақаласындағы жіктеуі мен Қ.Жұбановтың классификациясы [4, 55] ұқсас:
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін анықтауда, дауысты, дауыссыз, жарты дауыстыларды саралауда, дауыссыздарды қатаң мен ұяңға жіктеуде бірізділік байқалады. Атаулары (терминдері) әртүрлі болғанмен, топтастырулары бірдей. Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров сияқты ғалымдар қазақ тілінің табиғатын, дыбыстық жүйесін сезініп қана қоймаған, тілдегі дыбыстарды жан-жақты тексеріп, түрлі аппараттарды қолданған. «Қазақ тілінің дыбыстары» деген мақаласында Елдес Омаров «Ташкендегі ұлы үністеттің қазақ тілі кабинетінде дыбыстарды дыбыс жүйесін ілімдік жолымен тексеру үшін дыбыстың шығатын жолын, құрамындағы дауысы мен жай дыбысының арақатынасын анықтау үшін, әр дыбысты өз алдына понағыраппен тексеріп жатқанын» айтады. Қ.Кемеңгерұлы 1924-30 жылдары, өмірінің шығармашылыққа, ғылымға ден қойған кезеңі осы Ташкентте өткен еді. Сол себепті ғалым дыбыстарды аппаратпен тексеру сияқты істерге белсене араласуы мүмкін. 1929 жылы емле конференциясында сөйлеген сөзінде Қ.Кемеңгерұлы емле ережелерін түзуде жеке адамның айту ерекшелігін ескермей‚ дыбыстарды акустикалық аппараттармен тексеру қажеттігін‚ ол экспериментальды зерттеу (экспериментальное исследование) деп аталатынын айтады. Ендеше‚ дыбыстардың сапасын‚ өзіндік ерекшелігін анықтауда ғалым тәжірибе жолын да пайдаланған деп ойлаймыз.
Сонымен‚ қазақ тіліндегі дыбыстардың құрамын‚ түрлерін‚ белгілерін анықтауда Қ.Кемеңгерұлы А.Байтұрсынұлының еңбектерін басшылыққа алғаны байқалады. Сонымен қатар, ғалым ұстазының ойларын одан әрі дамыта‚ толықтыра түскен. А.Байтұрсынұлы қ-к‚ ғ-г дауыссыз дыбыстарын акустикалық жағынан да‚ артикуляциялық жағынан да өзгешеліктері болуына байланысты әрқайсысына таңба арнайды. Ал Қ.Кемеңгерұлы сингармонизм ерекшелігіне сәйкес‚ сингармофонема корреляциялық қарама-қарсы жұптардан тұратынын ескеріп‚ қ-к‚ ғ-г дыбыстарын жұптасқан фонемалар ретінде таниды. 1929 жылғы емле конференциясында сөйлеген сөзінде ғалым қ-к дыбыстарының ерекшелігі туралы былай дейді: «...В связи с этим я считаю, что у нас есть тенденция к смягчению қ. Хотя в этом отношении, пожалуй, я остаюсь в единственном числе. Но факт имеется, и я на практике убедился в этом. Учащиеся в слове akt пишут всегда мягкую фонему ә и затем есть тенденция к отверждению к – например oqь pьrtaqol. В этих случаях есть тенденция отвердения. Поэтому окончание не мягкое, а твердое» [2]. Бұл шағын үзіндіден байқап отырғанымыздай, ғалым қ-к дыбыстарының бір фонема болуы керек деген ойын түсіндіру үшін дәлелдер келтіреді. Яғни, біріншіден, бұл дыбыстардың қасындағы, бір сөздің бойында қатар келген дыбыстардың жуан-жіңішкелігіне байланысты өзгеріп отыратынын (жіңішке болса, к – әкт, жуан болса, қ – пыртақол), сол арқылы қ дыбысының жіңішке дыбыстармен, к дыбысының жуан дыбыстармен қатар келе алмайтынын көрсетсе, екіншіден, түбірде к дыбысы болса, қосымшалардың да жіңішке түрі жалғанатынын, қ дыбысы болса, қосымшалардың да жуан түрі жалғанатынын айтады (әктіге, пыртақолдан).
Ғалым қ‚ к дыбыстарын бір фонема деп түсіндіруде сөйлерменнің санасында бейнеленуін ескерген‚ яғни И.А.Бодуэн де Куртенэнің психофонема теориясын негізге алғаны байқалады. Қосымшалардың жуан-жіңішкелігі арқылы түбірдегі дыбыстардың жуан-жіңішкелігін тексеру – бүгінгі таңда да ең тиімді тәсілдердің бірі болып саналады.
Х.Досмұхамедұлы да қ-к (ғ-г) дыбыстарын бір фонема деп таниды [5]. Н.Ф.Яковлев «Математическая формула построения алфавита» (опыт практического приложения лингвистической теории) [6] деген мақаласында да қ-к дыбыстарын бір фонема ретінде таниды. Сол сияқты А.М.Сухотин, К.К.Юдахин сияқты ғалымдар да қ-к дыбыстарының бір фонема болатынын айтады. Яғни Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлының пікірлері мен Мәскеу фонологиялық мектебінің негізін қалаушылардың ойлары ұқсас болғанын көреміз. Сингармонизм табиғатын, фонема қасиетін терең түсінген қазақ фонологтары (Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б.) Н.Ф.Яковлев, А.М.Сухотин, К.К.Юдахин т.б. ғалымдардан әлдеқайда бұрын дұрыс та батыл тұжырымдар түйіп отырған.
А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлының ізбасарлары Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Ж.Аймауытұлы, Б.Малдыбайұлы, Қ.Басымұлы т.б. зерттеушілер қазақ тілін сан қырынан зерттеп, оның қыр-сырын жан-жақты аша түсуге тырысқан. Соның нәтижесінде қазақ тілінің бірқатар мәселелеріне байланысты түрлі көзқарастар, бағыттар болған. Тілдің кейбір мәселелеріне келгенде, бірін-бірі дамытып, қолдап отырса, енді бірқатар мәселелерде басқа қырынан келіп, қазақ тілінің қасиеттерінің жан-жақты айқындала түсуіне ықпал етіп отырған.
ХХ ғасырдың басында қ, к, ғ, г дыбыстарының табиғатына байланысты бірқатар пікірталас туындады. А.Байтұрсынұлы қ, к, ғ, г дыбыстарына арнайы әріптер арнаса, Т.Шонанов к-г (қ-ғ) дыбыстарын бір фонема ретінде таниды: «Возможно, что в конце концов наше начальное к в отдельном произношении слова превратится в г. А туркменский, османский и др. южные языки уже теперь превратили к в г» [2, 22]. Елдес Омаров та «Айнымалы дыбыстардың жазылуы» деген мақаласында дауысты дыбыстардың әсерінен қ, к дыбыстарының к-г, қ-ғ болып ымыраласып өзгеретінін айта келіп, оларды «айнымалы дауыссыздар» деп атайды [7]. Ал қазіргі кезде Б.Тайлақбаев «Қазақ тіліндегі салдыр шұғыл дауыссыздар» деген еңбегінде қ мен ғ (к мен г) дыбыстарын өз алдына бір фонема деп түсіндіреді. қ, к, ғ, г дыбыстарын жеке фонемалар деп түсіну бүгінгі таңда І.Кеңесбаев, К.Аханов, К.Бейсенбаева, Ғ.Әбуханов, М.Қараев‚ С.Мырзабеков, М.Жүсіпов еңбектерінде кездеседі. Ә.Жүнісбек, Н.Уәли еңбектерінде қ, к, ғ, г дыбыстары жеке-жеке фонема емес, қ-к, ғ-г болып жұптасқан екі фонема екендігі жан-жақты дәлелденді. Ә.Жүнісбек осы дыбыстардың ерекшелігі туралы былай дейді: «Фонологический анализ показывает‚ что [к]‚ [q] – равноправные сингармонические варианты одного глухого смычного среднеязычного – увулярного согласного. Их ассимилятивный оттенок в составе «мягкого» слога произносится среднеязычной артикуляцией и является мягким сингармогласным‚ а в составе «твердого» слога произносится увулярной артикуляцией и является твердым сингармогласным. Есть также огубленные сингармогласные [k0]‚ [q0]. Это дает возможность считать их сингармоническими модификациями одного согласного звука» [8, 42]. Сол сияқты Н.Уәли де [к]‚ [q] дыбыстарын бір инвариант-фонема деп таниды [9, 39]. Қазақ тілі сияқты бірқатар түркі тілдерінде де қ-к дыбыстарының алмасатынын байқаймыз. «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков» (жауапты редакторы - Э.Р.Тенишев) деген еңбекте әзірбайжан, түрік, татар, өзбек тілдерінде қ-к дыбыстарының бірінің орнына бірі қолданыла беретіні туралы айтылған.
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін‚ емле мәселесін сөз еткен Қ.Кемеңгерұлы‚ Е.Омаров‚ Т.Шонанов т.с.с. ғалымдардың тұжырымдары Қазан мектебінің өкілдері – И.А.Бодуэн де Куртенэ‚ В.А.Богородицкий т.б ғалымдардың ұстанымдарына ұқсас. Қ.Кемеңгерұлы «фонема» атауын қолданып‚ фонема‚ дыбыс пен әріптің айырмашылықтарын түсінген‚ дыбыстардың корреляттық байланысын‚ психофонема теориясын т.б. анықтауы жағынан И.А.Бодуэн де Куртенэнің еңбектерімен таныстығы байқалады. Мәселен‚ қ-к‚ ғ-г‚ һ дыбыстарының ерекшелігін түсіндіруде К.Кемеңгерұлы қазақ индивидінің ойындағы (представление – Қ.К.) бейнелерін ескеріп отырған.
XX ғасыр басында һ дыбысына байланысты да көптеген айтыстар, пікірталастар болды. Баспасөз бетінде, емле конференциясында осы мәселе төңірегінде айтысушылар екіге айырылды: бірі – «бұл дыбыс қазақ тілінде бар, оған арнайы таңба алу керек» деушілер: А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, Ә.Байділдаұлы т.б. болса, екіншісі – «бұл дыбыс қазақ тіліне тән емес» деушілер: Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов т.б. Ж.Аймауытұлы мен Е.Омаровтың баспасөз бетінде қазақ тілінің келелі мәселелеріне байланысты айтыстарының ішінде осы һ дыбысы да көп сөз болады. Осындай талас 1929 жылғы емле конференциясы барысында да туындайды. Ә.Байділдаұлының »һ әрпі керек» деген пікіріне Қ.Кемеңгерұлы: «Если у нас во всех иностранных словах, которые вошли в казахский язык вообще отбрасывается буква һ, то это делается потому, что в казакском представлении этой фонемы нет, она имеется только в междометиях и то сомнительно. Это – факт», – деп, бұл дыбыстың қазақ тіліне тән еместігін дәлелдейді [2]. Бұл шағын үзіндінің өзінен Қ.Кемеңгерұлының фонема, әріп терминдерінің мәнін, байыбын терең түсінген фонолог ғалым болғандығын байқауға болады. Алайда ғалымның бұл тұжырымдары одан кейінгі еңбектерінде еленбеген. Соның нәтижесінде Ғ.Әбуханов, І.Кеңесбаев, С.Мырзабеков, т.б. ғалымдар һ дыбысын қатаң дауыссызға жатқызса, К.Аханов, К.Бейсенбаева, М.Қараев, т.б. ғалымдар оны ұяң дауыссызға жатқызған. Сонымен‚ һ дыбысының қазақ тіліне тән дыбыс еместігі туралы Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов т.б. зерттеушілердің пікірлері бүгінде Ә.Жүнісбек, Н.Уәли еңбектерінде жалғасын тапқан.
Ұлттық тіл біліміне дейін В.В.Радлов пен П.М.Мелиоранский дауыстылардың тоғыз түрін көрсетсе, Н.Ильминский сегіз түрін (а мен ә-ні бірге қарастырған), Созонтов он үш түрін көрсетеді (я, е, ю әріптерін де дауыстыларға жатқызады).
Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңде де баспасөз бетінде дауыстылардың саны, құрамы туралы түрлі көзқарастар, пікірлер болды. Мысалы, Ж.Аймауытұлы, Б.Малдыбайұлы, С.Мұқанұлы й, у дыбыстарын да дауыстыға жатқызып, «қазақ тілінде он бір дауысты бар» десе, Малабайұлы э, ю, я әріптерін де дауыстылардың қатарына қосып, дауыстылардың санын он төртке жеткізеді. Сингармонизм заңдылығын ескере отырып, дауысты дыбыстардың құрамын дұрыс анықтаған А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов сияқты ғалымдардың айтқандарына бүгінгі таңда Ә.Жүнісбек, С.Мырзабеков, Н.Уәли, Н.Машқанова, т.б. ғалымдардың еңбектері үндесіп жатыр.
Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б. ғалымдардың дауыстыларды жуан-жіңішке, еріндік-езулік деп топтастырулары ұқсас. Қ.Кемеңгерұлы дауысты дыбыстарды тілдің қатысына қарай жуан-жіңішке, еріннің қатысына қарай еріндік-езулік, жақтың қатысына қарай ашық, жартылай ашық, қысаң, жартылай қысаң деп топтастырады. Дауыстыларды жуан-жіңішке, еріндік-езулік деп жіктеуде зерттеушілердің көбінде бірізділік бар. Бүгінгі таңдағы қазақ тілі фонетикасында да мұндай дауыстыларды тануда әрқилылық жоқ. Алайда ғалымдар арасында ерін үндестігінің сөздің соңына дейін сақталу-сақталмауына байланысты күні бүгінге дейін түрлі пікірлер айтылады. П.М.Мелиоранский ерін үндестігінің сақталатынын кесте арқылы көрсетіп, былай дейді: «...Есть грамотеи, которые в угоду письменному языку‚ коверкают свое произношение, объявляя его неправильным, но в речи простого народа варьирование гласных в суффиксах постоянно соблюдается. Так, например, суффикс, изображаемый в письменном языке через дан, иногда дін, в разговорном казак-киргизском языке звучит то дан, то ден‚ то дөн, суффикс нің звучит то ның, то нің, то нұң, то нүң т.д.» [10, 15].
Еріндік дауыстылардың келесі буынға тигізетін әсерін Н.Созонтов‚ Н.Ильминский е, і дыбыстарының негізінде сипаттайды. Аталған зерттеушілерде «қазақ тілінде ерін үндестігі сақталады» деген ойды аңғару қиын емес.
«Дыбыстарды жіктеу туралы» деген мақаласында А.Байтұрсынұлы езулік дауыстыларды аңғал, еріндік дауыстыларды қымқырулы деп атап: «…қымқырулысы бас буыннан басқасында келмейді», – деп ерін үндестігін елемейді [3]. Дәл осындай көзқарасты Е.Омаров, Т.Шонанов, Е.Д.Поливанов, Қ.Жұбанов еңбектерінен де байқауға болады.
1929 жылы Қызылорда қаласында өткен емле конференциясында тезистермен таныстырған Т.Шонановтың ерін үндестігінің жойылып бара жатқаны туралы айтқан тұжырымына қарсы шығып, Қ.Кемеңгерұлы қазақ тілінде әлі де ерін үндестігі толық сақталғанын айтады: «В отношении закона лабиализации, хотя тов. Шонанов утверждает, что этот закон теряет свою силу, однако, мы подтверждаем, что закон лабиализации у нас пока имеется и можно сказать в полной силе». Ғалым орыстың школа деген сөзінің үшкел түрінде жазылып жүргенін, ал оның үшкөл түрінде жазылғаны дұрыс болатынын ескертеді де шет тілден қазақ тіліне енген сөздер үшін‚ ең болмағанда‚ екінші буынға дейін ерін үндестігі сақталуы керектігін айтады [2]. Қ.Кемеңгерұлы сингармонизмді дыбыстардың жуан-жіңішке‚ еріндік-езулік әуезбен үндесуі деп түсінген. Яғни «сингармотембр» терминін қолданбағанымен‚ оның ерекшелігін толық пайымдаған.
Қазіргі кезде қазақ тіліне ерін үндестігі тән екендігі жан-жақты дәлелденді. Ә.Жүнісбек [8] өз еңбектерінде ерін-езу үндестігі сингармонизмнің негізі болатынын теориялық тұрғыдан дәлелдесе, ғалымның жетекшілік етуімен Шүленбаева Ұ.Р. 1994 жылы «Қазақ тіліндегі ерін үндестігі» деген кандидаттық диссертациясында эксперимент жолымен дәлелдеді. Ерін үндестігі әлсіреп, жойылып барады деген теорияның себебін фонетист-ғалым С.Мырзабеков: «біріншіден, жазудың ықпалы, өзіміздің құнтсыздығымыз болса, екіншіден, артикуляциялық базамыздың дамуы, ерін үндестігі жоқ көрші тілдердің әсері» [11], – деп көрсетеді.
Ұлттық тіл біліміне дейінгі зерттеушілер дауыстыларды жақтың қатысына қарай ашық, қысаң деп қана топтастырған. Н.Ильминский о, ө дыбыстарының ерекшелігі туралы былай дейді: «... о, ө произносятся почти всегда довольно протяжно, в начале слов перед ними заметно слышится звук у, но он исчезает, когда о и ө соединяются с согласною предыдущего слова в один слог» [12, 15]. Зерттеуші дауыстыларды созылып айтылатын және қысқа айтылатындар деп топтастырмақ болып, о, ө дыбыстарының ерекшелігін алғашқы болып байқайды. П.М.Мелиоранский е, о, ө дыбыстарының ерекшеліктерін байқағанмен, дауыстыларды жақтың қатысына қарай топтастырғанда оны назардан тыс қалдырған. Бұл орайда Н.Ф.Яковлевтің төмендегі сөздері ойға оралады: «Большую роль в обогащении фонетических наблюдений играет также использование иностранного слуха, который в некоторых отношениях оказывается восприимчивее к улавливанию звуковых оттенков в данном языке, чем слух коренных нациалов. Так, целый ряд новых фактов в фонетике русского языка был открыт благодаря наблюдениям иностранных ученых» [6]. Н.Ф.Яковлев айтқандай, қазақ тілінің көптеген ерекшеліктерін көрсету орыс зерттеушілерінің еңбегінен басталады. Оның себебі, бір жағынан, миссионерлік пиғылмен болса да, олардың қазақ тілін танытуға алғашқы болып талпынуы болса, екінші жағынан, қазақ үшін жаттығы жоқ, түсінікті болып тұрған қасиеттердің олар үшін өзгеше бір ерекшелік болып көрінуінен. Сондықтан қандай оймен, мақсатпен жазылған еңбек болса да, мұқият тексеріп, тіліміздің қандай да бір қасиетін, ерекшелігін танытып тұрған тұстарға баса назар аударып, ал тіл заңдылықтарын белден басып, орыс тілінің (не басқа бір тілдің) үлгісіне салмақ болған тұстарды сақтықпен зерделеу керек.
Дауыстыларды жақтың қатысына қарай үш деңгейде топтастыру А.Байтұрсынұлының есімімен байланысты. А.Байтұрсынұлы дауыстыларды ауыздың ашылуына қарай бірінші дәрежелі ашық (а, ә); екінші дәрежелі ашық (е, о, ө); үшінші дәрежелі немесе тұйық дауыстылар (ы, і, и, ұ, ү, у) деп бөледі [3]. Дауыстыларды жақтың қатысына қарай жіктеуде А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлы топтастыруларында ұқсастық байқалады. Екі ғалым да ашық, қысаң (немесе тұйық) дыбыстардың құрамын бірдей көрсеткен. А.Байтұрсынұлы е, о, ө дыбыстарын ІІ дәрежелі ашық деп жіктесе, Қ.Кемеңгерұлы о, ө дыбыстарын жартылай ашық деп, ал е дыбысын жартылай қысаң деп топтастырады. Сол себепті А.Байтұрсынұлы үш деңгейде, Қ.Кемеңгерұлы төрт дейгейде жіктеген, айырмашылық – е дыбысына байланысты.
Ә.Жүнісбек «Қазақ тіліндегі дауыстылар» деген еңбегінде Н.Созонтов пен Г.В.Архангельский кітаптарында е дыбысының орыс тіліндегі осындай дыбыстан бөлектігі, өзгешелігі туралы айтқандарын жоғары бағалай келіп былай дейді: «К сожалению, весьма интересные замечания названных выше исследователей (Н.Созонтов пен Г.В.Архангельский – О.Ж.) по поводу гласного (е) в последующем никем не развивались, наоборот этому гласному приписывалось широкое образование, аналогичное русскому е. Как будет показано в дальнейшем, результаты экспериментального анализа говорят в пользу высказываний Н.Созонтова и Г.В.Архангельского» [13, 9].
Дауыстыларды жақтың қатысына қарай жіктеуде Т.Шонанов ө дыбысының ғана ерекшелігін сөз етсе, Біләл Малдыбайұлы дауыстыларды жоғары демесін, орта демесін, төменгі демесін деп бөледі:
Сонымен, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Малдыбайұлы сияқты зерттеушілер дауыстыларды жақтың қатысына қарай топтастыруда бірізділік танытып, дауыстыларды тек ашық пен қысаңға ғана топтастыруға болмайтынын, аралық дыбыстардың (о, ө, е) болатынын, оның құрамын дұрыс байқаған. Алайда кейінгі еңбектерде бұған көп мән берілмеген. Соның нәтижесінде І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев, К.Бейсенбаева, Ғ.Әбуханов, К.Аханов т.б. ғалымдардың еңбектерінде дауыстылар жақтың қатысына қарай қайтадан ашық, қысаң деп екіге ғана жіктелді де, е, о, ө дыбыстарының алдынан әнтек и, у дыбыстарының естілетіні, бұл дыбыстардың кейде дифтонг, кейде монофтонг болатыны ескерту түрінде жазылып жүрді.
Е, о, ө дыбыстарының ерекшелігі басқа түркі тілдерінде де байқалады. Мысалы, В.Решетов өзбек тілінде, Н.Н.Межекова хақас тілінің шор диалектінде анлаут позицияда е, о, ө дыбыстарының дифтонг түрінде естілетінін айтады. А.М.Щербак «Сравнительная фонетика тюркских языков» деген еңбегінде дауыстылардың жақтың қатысына қарай екі деңгейлі оппозиция құруы – якут, алтай, шор, тува, қырғыз, балқар т.б. тілдерге тән екендігін, соған сәйкес олардағы дауыстылардың саны да сегіз екендігін, ал азербайжан, башқұрт, қазақ, қарақалпақ, татар, хақас т.б. тілдерде тоғыз, он, кейде одан да көп дауыстылардың басын құрайтын үш, төрт деңгейлі оппозиция кездесетінін айтады.
Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, С.Мырзабеков еңбектерінде де е, о, ө дыбыстарының өзгешелігі ескеріліп, Ә.Жүнісбек пен Н.Уәли бұл дауыстыларды дифтонг ретінде көрсетсе, С.Мырзабеков е, о, ө дыбыстарын жартылай ашық дауыстылар деп атайды. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы сияқты ғалымдардың дауыстыларды жақтың қатысына қарай топтастыруда аралық дыбыстарды (е, о, ө) бөлек қарастыру үрдісінің бүгінгі таңдағы фонетика табыстарымен үйлесім табуы аталған ғалымдардың білгір фонолог болғанын айғақтайды.
Қ.Кемеңгерұлының ашық, жартылай ашық, қысаң, жартылай қысаң деп топтастыруын былайша түсіндіруге болатын сияқты: ғалым алдымен жақтың қатысына мейлінше ашық және мейлінше қысаң дауыстыларды бөліп алған. Сонда ашық дауыстыларға: а, ә; қысаң дауыстыларға: ы, і, ұ, ү дыбыстары жатады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде де, кейінгі еңбектерде де (І.Кеңесбаев, К.Бейсенбаева) мейлінше ашық айтылатыны – а (немесе ә), ал мейлінше қысаң – ы (і) немесе ұ (ү) болып есептеледі. о, ө дыбыстары а, ә дыбыстарымен салыстырғанда, тұйықтау, ал қысаң дыбыстармен салыстырғанда, әлдеқайда ашық. Сондықтан, оларды ғалым жартылай ашық деп бөлек жіктеген. Ал е дыбысы ашыққа жатқызылатын болса‚ ә дыбысынан айырмашылығы болмайды‚ қысаңға жатқызылатын болса‚ і-ден айырмашылығы болмай қалады. Бұл орайда Л.В.Щербаның мына сөздері ойға оралады: «…Единый смысл заставляет нас даже в более или менее разных звуках узнавать одно и то же. Но и дальше‚ только такое общее важно для нас в лингвистике‚ которое дифференцирует данную группу … от другой группы‚ имеющей другой смысл… Вот это общее и называется фонемой. Таким образом‚ каждая фонема определяется прежде всего тем‚ что отличает ее от других фонем того же языка. Благодаря этому все фонемы каждого данного языка образуют единую систему противоположностей‚ где каждый член определяется серией различных противоположений как отдельных фонем‚ так и их групп» [14, 20]. Фонема табиғатын терең түсінген Қ.Кемеңгерұлы е дыбысын ашық дауыстыға да, қысаң дауыстыға да жатқызбай, бөлек алған. Яғни дауыстыларды топтастыруда айырым белгілерін айқындауға тырысқан.
Х.Досмұхамедұлы «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген мақаласында е дыбысының ә-ден немесе і-ден тууы мүмкіндігін айтады [5, 88]. Ғалымның тұжырымының дұрыстығы бүгінгі таңда анықталып отыр. Ә.Жүнісбек е дыбысының й мен і дыбыстарының қосындысынан тұратынын, яғни й – 40 %, і – 60 % құрайтынын эксперимент арқылы дәлелдеп берді. Бұл дыбыстар айтылуда да бірінің орнына бірі қолданыла береді. Мысалы: міне – міні, бәйге – бәйгі, ешбір – ішбір, ешкім – ішкім, бәтеңке – бәтіңке т.б.
Ауыздың ашылуына байланысты е дыбысының айтылуы і дыбысына жуық болғандықтан әрі і-мен салыстырғанда, е дыбысының алдында әнтек й дыбысы болғандықтан, ауа біраз сығылысып, қыстырылып барып шығатынына байланысты Қ.Кемеңгерұлы е дыбысын жартылай қысаңға жатқызған сияқты.
Сонымен, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Малдыбайұлдары мен бүгінгі таңдағы фонетист-ғалымдардың дауыстыларды жақтың қатысына қарай ашық, қысаң деп топтастыруы, аралық дауыстыларды анықтаулары ұқсас:
ХХ ғасырдың басында негізі қаланған Қазақстан лингвистикалық мектебінің өкілдері репрессиялануына байланысты көп жыл ғылыми айналымға түспей, беймәлім болып келгенімен‚ қазіргі кездегі экспериментті фонетиканың жетістіктерімен сәйкес келуі ғалымдардың тұжырымдарының дұрыстығын‚ дәлдігін көрсетеді. Бүгінгі таңдағы түрлі әдіс-тәсіл‚ ғылым жетістіктерінің нәтижесінде қол жеткен табыстың Қазақстан лингвистикалық мектебі өкілдерінің тұжырымдарымен үндесуі осы нәтиженің дұрыстығын көрсетсе‚ екінші жағынан‚ ХХ ғасырдың басында-ақ тіліміздің болмысын терең түсініп‚ дөп басып анықтай білген ғалымдардың білгірлігін танытады. Сол арқылы ХХ ғасырдың басында қазақ тіл білімінің даму деңгейінен де хабардар етеді.
Әдебиет
1. Омаров Е. Қазақ тілінің дыбыстары // Жаңа мектеп. - №1927. -№2(17). - 61-67-б.
2. Стенографический отчет научно-орфографической конференции‚ созванной 2-4 июля 1929 г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. - Алматы‚ 1930. - 58 с.
3. Ақымет Байтұрсынұлы Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Қазақ университеті, 2022. - 656-670-б.
4. Жұбанұлы Қ. Қазақ тілінің жоғары курсы // Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Алматы: Ғылым‚ 1999. - 55 б.
5. Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы // Халел Досмұхамедұлы. Таңдамалы. - Алматы: Ана тілі‚ 1998. - 81-100-б.
6. Яковлев Н. Математическая формула построения алфавита (опыт практического приложения лингвистических теорий) // Культура и письменность Востока. Кн. І. - М.‚ 1928. - С.41-64.
7. Омаров Е. Айнымалы дыбыстардың жазылуы // Еңбекші қазақ‚ 09.05.25.
8. Джунисбеков А. Проблемы тюркской словесной просодии и сингармонизм казахского языка. Автореф. дис. док. - Алматы‚ 1998. - С. 63.
9. Уәлиев Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері. Филология ғылымдарының қандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. - Алматы‚ 1993. - 162 б.
10. Краткая грамматика казак-киргизского языка. Фонетика и этимология. Составил П.М.Мелиоранский. - Часть І. - СПб., 1894. - С.15.
11. Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі дистрибуциялық пен функционалдылық. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. -Алматы‚ 1998. - 287 б.
12. Ильминский Н. Материалы к изучению киргизского наречия. - Казань‚ 1860. - С.14-26.
13. Джунисбеков А. Гласные казахского языка. – Алматы: Наука‚ 1972. - 92 с.
14. Щерба Л.В. Фонетика французского языка. - Ленинград‚ 1957. - С.20.
Орынай Жұбай,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
Баға беріңіз