Абай күні тойланды

13 тамыз, 2024

10 тамыз - қазақтың бас ақыны, аудармашы, сазгер Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай, «Қаламгерлер» аллеясында ақын күнін ұлықтау кеші өтті.
Іс-шараға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандары арнайы спикер ретінде қатысты.


Қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен жиынның ашылу сөзін сөйлеген белгілі алаштанушы ғалым, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы: «Мұхтар Әуезов ұлы ойшыл туралы эпопеясын «Абай жолы» деп бекерден-бекер атаған жоқ. Біз қашан да Абай жолынан шықпауымыз керек. Абай жолы - елдің даналығы, дәстүрдің даналығы, бұл жол бізді адастырмайды. Бұл жолда бәрі бар: құндылық та, күш-қайрат та, елдік негізде де бар. Абай жолы ұзақ болсын, бүгінгі мереке құтты болсын!» деді.


«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қызметкерлері, ақын Біржан Ермекұлы «Жидебай басындағы жыр» атты арнау өлеңін оқыса, Жарқынбек Жұмаділұлы орталықтың қазақ тілі мен әдебиеттану үрдісі, ғылым мен тіл, абайтану бағыттары туралы және «Абай» институтының атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.
Әдеби шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар соңында естелік суретке түсіп, тағылымды күймен тарқасты.

 


Баға беріңіз