2024 ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ТІЛ ОҚЫТУШЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 қыркүйек, 2024

 

Қыркүйек айының басында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы Семей қаласында «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауын» ұйымдастырды.

Жыл сайын еліміздегі Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары арасында өтетін дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – ұлт  ұстазының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгеруге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтап насихаттау, ересектерге қазақ тілін үйретудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу.

Мемлекеттік тілді авторлық бағдарламамен оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушылар бұл байқауда үш кезең бойынша бақ сынады.

Байқаудың алғашқы бөлігінде қатысушылар өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Екінші кезеңде отандық және шетелдік танымал әдістемелер бойынша сұрақтар қойылып, қатысушылар ұяшықтардан таңдалған қос сұраққа жауап беру арқылы сынға түсті. Соңында байқауға қатысушылардың сабақ өткізу шеберлігі анықталды.

Қазақ ғылымының негізін қалаушы, Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы атындағы дәстүрлі байқауда білікті педагог-әдіскерлер мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы топ жарған жеңімпаздарды анықтады.

Қазылар алқасының шешімімен Атырау облысынан қатысқан Қайырбек Кенжәлиев бас жүлде мен 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Шығыс Қазақстан облысының үміткері Ләззат Қайдарова бірінші орынды жеңіп алып, 350 мың теңге сыйлыққа ие болды. Қостанай облысынан Ләззат Өтемуратова мен Жамбыл облысынан келген Фарида Кенжебекова екінші орынды еншілеп, 250 мың теңге олжалады.

Жетісу облысынан Олжас Қойшыбеков, Ақмола облысынан Сәулет Төкен және Алматы облысының ұстазы Балжан Төлегенова үшінші орынды еншілеп, әрқайсысы 200 мың теңгеден сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар ынталандыру сыйлығы 70 мың теңгеден Қызылорда облысынан Жұбатқан Таңжановқа, Солтүстік Қазақстан облысынан Сәуле Макашеваға, Астана қаласынан Нұртай Мәжитке, Абай облысынан Алтынай Тұрсыноваға табысталды.

Бұдан басқа белсене қатысқаны үшін Қарағанды облысынан Әсия Смыковаға, Алматы қаласынан Әлия Тойкеноваға, Түркістан облысынан Мақпал Әділмұратқа, Шымкент қаласынан Жазира Досмаиловаға, Павлодар облысынан Ақмарал Артықбаеваға арнаулы алғысхаттар мен 30 мың теңге қаржылай сыйлық берілді.

 


Баға беріңіз