Түркітанушының тың тұжырымдары
Бабаш Әбілқасымұлы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жарты ғасырдай қызмет етіп, бар саналы ғұмырын қазақ тілі білімінің тың тақырыптарын зерттеуге арнаған еңбектерімен белгілі бірегей ғалым. Ғалымның есімі қазақ баспасөзінің тарихы және қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеген тұлға ретінде белгілі. Бұдан бөлек зерттеулері түркітану саласына да арналады. Ғалымның басты ерекшелігі – зерттеу нысанына алған XVII ғ. жазба ескерткіштерінің, XVIII-XIX ғғ. жазба үлгілерінің тілін талдауда Мәскеу, Қазан, Ташкент, Орынбор кітапханалары мен мұражайларында араб графикасымен сақталған қолжазбалары мен нұсқаларын іздеп тауып, түпнұсқадан оқиды, қазақ тіліне қаншалықты жақын екенін дәлелдейді. Ғалымның қазақтың жазба дүниелеріне қатысты жинаған барлық қолжазбалары мен нұсқалары кейінгі зерттеушілерге, шәкірттеріне құнды зерттеу материал болғаны сөзсіз. Ғалымның осы жинаған материалдарының ішінде XVII ғасырда Әбілғазы баһадүр ханның «Шажара-и түрк» (Түркі шежіресінің) жазба ескерткішінің қазақ тілінің тарихын зерттеуде орны ерекше болды. Аталмыш жазба ескерткіштің авторы Әбілғазы ханның өз шығармасының кіріспесінде жазған «... бұл кітапты бес жасар бала түсінетіндей түркі тілінде жаздым» деген ескертпесі жайында түркітанушылардың арасында әртүрлі пікір болды. «Түркі шежіресінің» тілін зерттеген орыс зерттеушілері А.Н.Кононов, А.М.Щербак, С.И.Иванов Әбілғазы мұрасының тілі қарапайым, түсінуге жеңіл, араб және парсы сөздерін шектеп қолданған деген тұжырымдар жасағанмен, өзбек әдеби тілінің ескерткіші ретінде қарастырған. Отандық түркітануда «Түркі шежіресін» зерттеу нысанына алған профессор Бабаш Әбілқасымов орыс ғалымдарының пікірлеріндегі «хиуа тұрығындарының тілі», «шағатай тілі», «өзбек тілі» деген терминдеріне талдау жасай келіп, шығарманың өзбек әдеби тіліне қатысы жоқ екендігін дәлелдейді. Ғалым «Түркі шежіресінің» өзге ортағасыр шағатай тілінде жазылған жазба ескерткіштерден ерекшелігін фонетика-орфографиялық, лексика-фразеологиялық, грамматикалық тұрғыдан жан-жақты талдау жасау арқылы шығарманың қыпшақ тілінде жазылған деген тұжырымға келеді. Зерттеу нәтижесі толыққанды дәлірек, нақтырақ болу үшін араб графикасынан хабарым бар болғандықтан болар, ұстазым «Түркі шежіресіндегі» араб, парсы тілінен енген кірме қабатын арнайы зерттеуді тапсырады. Зерттеуден бұрын «Шежіренің» баспа нұсқасын ұстатып, оқытады. Алғашқы рет бірден көз жүгіртіп оқу қиын болды. Бірте-бірте көзім үйрене бастады. Расымен де, шығарма тілі жеңіл, стилі жатық екен, қазіргі қазақ тілінде кездесетін фразеологизмдер де, мақал-мәтелдер де жеткілікті. Оны кейін 183 беттен тұратын «Түркі шежіресі» мәтініндегі барлық сөздерді жинақтап, әріптесім Г. Мамырбекпен сөздігін құрастыру барысында көз жеткіздік. Бірер мысал келтірейік:
ҮМІД ҮЗГЕНДІН СОҢ ﮏﻧﻮﺴ ﻥﻴﺪﻧﺎﻜﺯﻮﺍ ﺩﻴﻤﺍ - үміт үзгеннен соң, күдер үзгеннен соң. Чынғыз хан қайта қайта елчі иіберді иарашайын деб Оң хан иарашмады иарашмақлықдын үмід үзгендін соң атланды (47, 6). Шыңғыс хан достасайын деп қайта-қайта елші жіберді, бірақ Оң хан келісімге келмеді, бітімгершіліктен үміт үзген соң (Шыңғыс хан) аттанды.
ХОШ КӨРДІ ﻯﺪﺮﻮﻜﺶﻮﺧ - дұрыс көрді, жөн көрді. Бір ай ашны һәр уақытда хаһласақ иерміз амма бір ай күндүз аш иемесміз амма кече иерміз теділер мұны һәм хош көрді (75, 2). “ бір ай тамақты қай уақытта қаласақ (сол кезде) жерміз, бірақ бір ай күндіз тамақ жемей, тек кешке жейміз”, - деді, бұны да (бұл сөзді де Шыңғыс хан) дұрыс көрді.
ХҰДАЙҒА САЛУ ﻢﻴﺪﻟﺎﺴ ﻪﻐﻳﺍﺪﺧ - құдайға тапсыру. Иігірма уйғұрның һеч қайсысыны өлтүрмеді мен қарача халқым бірлән иаман болман һәркім иаманлық қылса аны хұдайға салдым (151, 5). Жиырма ұйғырдың ешқайсысын өлтірмеді, мен қараша халқыммен жаман болмаспын, кім де кім жамандық қылса, оны құдайға тапсырдым.
Ғалымның тағы бір ерекшелігі өзге түркітанушыларға ұқсамайтын «Түркі шежіресінің» толық мәтінін араб графикасынан кирилл графикасына қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне жақындатып транскрипциялауы. Себебі араб әліпбиінде дауысты дыбыстардың үш-ақ түрі болғандықтан, түркі тілдеріндегі барлық дауыстылар осы үш таңбаға сыйдырылған. Бірақ бұл дауыстыларды түркітанушылар мәтін транскрипциялауда әрқалай пайдаланады. Мысалы, А.Н. Кононов Әбілғазының «Түрікмен шежіресінен» алынған мысалдар мен мәтіндерді беруде өзбектің қазіргі сөйлеу тіліне жақындатып транскрипциялаған. С.Н. Иванов Әбілғазының «Түркі шежіресін» кирилл таңбасымен бергенде академиялық (радловская) транскрипцияны қолданған. Ал өзге өзбек, татар т.б. түркітанушы ғалымдар ескерткіштер мәтінін өз тілдеріне жақындатып транскрипциялайды. Ұстазым транскрицилаудағы осындай ала-құлалықты болдырмас үшін жеңілдетілген (упрощенная) транскрипцияны басшылыққа алады. «Түркі шежіресінің» тілі қыпшақ тіліне жақын екенін дәйектеген ғалым мәтінді қазақ тілінің әріптеріне салып транскрипциялайды: ﺍ таңбасын орнына қарай а, ә, е әріптермен, ﺐ таңбасын б, п әріптермен, ﻙ таңбасын г, к әріптермен бердік. ﻭ таңбасын о, ұ, ү, ө әріптерінің біреуімен таңбалайды. ﻯ таңбасын бірде и, бірде ы, і әріптерімен (сөздің жуан-жіңішкелігіне орай) береді. Ал ﺝ таңбасы бірде ч-ны, бірде ж дыбысын белгілейді екен, ыңғайына қарай солай қолданғанын айтады. Мысалы,
Қара ханның ұлұғ хатұныдын ұғұл болды көріклі ай күндін артұқ үч кече күндүз анасыны еммеді һәр кече анасының түшіге кіріб айтұр ерді ей ана болғыл әгәр мұсылман болмасаң өлсем өлермін сенің емчекіңізні еммен теб...
Біз де сөздік әзірлеуде Ұстазымыздың «Шежіре» мәтінін транскрипциялаудағы принципін ұстанып, қазақ тіліне жақындатып бердік. Мысалы: бурун емес бұрұн, көчуб емес көчүб, тутулду емес тұтұлдұ, бир куни емес бір күні, олтуруб емес олтұрұб т.б. Бұдан бөлек ғалым «Түркі шежіресінің» мәтінін транскрипциялап қана қоймай, қазақ тіліне аударады. Шығарма тілінде кездесетін қиын сөздерді, кірме сөздерді, жер-су атауларын қазіргі қазақ қоғамының түсінігіне лайықтап береді. Бұл ғалымның аудармадағы ұқыптылығын білдіреді.
Осылайша профессор Бабаш Әбілқасымовты «Түркі шежіресінің» тілін тың тұжырымдарымен жан-жақты сөз еткен, жазба ескерткіштердің тілін зерттеудің үлгісін көрсеткен ҰСТАЗ деп білеміз.
Баға беріңіз