ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫ СТАНДАРТТАУ МЕН ЖҮЙЕЛЕУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Жаһандану кезеңінде қазақ тілінің өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үлкен маңызға ие болып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 Жарлығына, ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» және ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы№1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес латын графикасындағы қазақ тілін деңгейлеп оқыту талаптарын белгілеу қажеттілігі туындайтыны белгілі.
Латыннегізді жаңа қазақ әліпбиі бекітілгеннен кейін жаңа емле ережелерімен сауаттандыруға байланысты бірқаттар міндеттер де қойылары сөзсіз. Осы орайда қазіргі таңда Қазақстан азаматтарының тілдік капиталы мен этносаралық тілдік қарым-қатынасты дамыту мақсатында жаңа емле негізінде қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқытуды назардан тыс қалдырмаған жөн. Осыған дейін қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзіреттілік талаптарын анықтайтын мемлекеттік стандарттар 2009 жылы қолданысқа енгізіліп, 2015 жылы екінші басылыммен ҚР СТ 1926-2015, ҚР СТ 1926-2015, ҚР СТ 1928-2015, ҚР СТ 1929-2015, ҚР СТ 1925-2015, ҚР СТ 1925-2015 Ұлттық стандарттар мәртебесінде екінші рет қолданысқа жол тартты.
2016 жылы Ұлттық стандарттар негізінде Қазақ тілін оқытудың Бірүлгі бағдарламасы ғалымдардың бірлескен еңбегімен қолданысқа ұсынылды.
Бағдарламада қазақ тілін екінші тіл және шетел тілі ретінде меңгерту мақсатында коммуникативтік әдістеменің негізгі ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері басшылыққа алынған. Тілдік материалдар ең алдымен тіл үйренушінің коммуникацияға қатысуы үшін қажетті және маңызды коммуникативтік ниеттер бойынша нақтыланған. Коммуникативтік жағдаяттардың ерекшеліктері мен коммуникативтік тақырыптар әр деңгейде айқын берілген және жағдаяттар мен тақырыптар, соған орай оларға қатысты лексикалық-грамматикалық материалдар «қарапайымнан күрделіге қарай» ұстанымы бойынша деңгейлер сайын күрделене түсіп, барынша сабақтастықпен әрі жүйелі түрде топтастырылған.
Сонымен қатар қазақ тілін меңгеру деңгейлеріне сәйкес сөздер мен сөз тіркестерінің тақырыптық минимальды қоры, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ емтихандарына дайындалудың оқу-әдістемелік құралдары, интерактивті байқау тестілеуін өткізудің бағдарламалық жабдықтауы әзірленді.
Енді кезекте мемлекеттік тілдегі оқулықтар мен оқу құралдарын басып шығаруға қажетті оқу дискурсы мәтіндерінің ғылыми-лингвистикалық параметрлерін (лексикалық минимум, грамматикалық минимум, нормативтік оқу-педагогикалық лексика, әмбебап терминология, негізгі орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық мектеп ережелерінің жиынтығы, жастар санаты бойынша мектептің оқу мәтіндерінің полиграфиялық параметрлері және т.б негізге ала отырып, Қазақ тілін оқытудың ұлттық стандартына жаңа емле негізінде өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Себебі бұл қазақ тілін оқытуды үздіксіз білім беру моделі бойынша жүйелеуге мүмкіндік береді.
Жаңа емле негізіндегі ұлттық стандартына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар төмендегі өзекті мәселелердің шешімі болады:
- әлемдік білім беру үдерісіндегі алдыңғы қатарлы жобалардың бағыты мен мазмұны жан-жақты зерттеледі;
- қазақ тілін ресми және бейресми тілдік қарым-қатынастарда біршама дәрежеде толыққанды, еркін қолдана алу қажеттілігі ескеріледі.
Жаңа емле негізіндегі ұлттық стандарттың негізінде әдіскерлерге, оқытушыларға, тілтанушыларға арналған Жаңа емле негізіндегі қазақ тілін меңгертетін бірүлгі бағдарламасы толықтырып, қайта әзірленеді.
Жаңа емле негізіндегі қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгілік бағдарламаның құрылымы мен мазмұны тіл үйренушілерді төмендегідей білім-білік дағдыларын қалыптастырады, дамытады.
Тіл үйренуші жаңа әліпби мен емле ережелерінің негізінде жазу-сызуды меңгере отырып, қазақ тілін:
- қарапайым және базалық деңгейде (A1-A2) күнделікті-тұрмыстық, тұрмыстық-кәсіби лексикалық тілдік бірліктерді алдын ала дайындықпен;
- орта деңгейде (B1-B2) әлеуметтік-мәдени, күнделікті қатысымда;
- жоғары деңгейде (C1) заңнамалық нормативтік құжаттарды рәсімдеуде қолдана алады.
Қорыта келгенде стандартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында жаңа лингводидактикалық жүйелер мен дүниежүзілік деңгейде танылған тіл үйретудің озық технологияларының тәжірибелерін нақты қазақ тілінің ерекшеліктеріне сәйкестендіре қолданудың жолдары қарастырылады.
Бұл ретте Кембридж университетінің тілді деңгейлік оқытудың бес деңгейлік тәжірибесі, Еуропалық тіл үйрету стандарттарындағы алты деңгейлік, Түркиядағы «TOMER» белгілеген алты деңгейлік, Ресейдің мемлекеттік тестілеу жүйесінің көпдеңгейлік жүйелері талданып, олардың қол жеткен нәтижелі тетіктері анықталады.
Деңгейлеп оқытудың әрбір бағытына сәйкес қазақша қарым-қатынасқа түсудегі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға қойылатын талаптар, тілді меңгеру деңгейлерінің ішкі құрылымдары, білім мазмұны (лексикалық және грамматикалық минимум), сағат көлемі, әр деңгейге сәйкес сөйлеу әрекеті түрлерінің (тыңдалым, оқылым, жазылым, сөйлесім) дидактикалық талаптары тағы да пысықталып, жүйеленетін болады.
Баға беріңіз