Апострофты пайдаланбау – маңызды шешім
Елбасының да, тілші мамандардың да негізгі мақсаты – қазақ тілінің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сайкес келетін, пайдалануға қолайлы, жас буынға үйретуге оңай болатын қазақ-латын әліпбиіне ауысу екендігін баса айтқым келеді.
2017 жылдың 11 қыркүйегінде жұмыс тобы (комиссия) қазақ-латын графикасына қатысты өз жобасын парламентке ұсынды. Онда ұлттық төл дыбыстарымыз AE (ә),OE (ө),UE (ү),GH (ғ),NG (ң) деген диграфтармен белгіленген болатын. Бұл тәсіл қазақ тілінің төл дыбыстарын ерекшелеп бере алмайтын еді. Сондықтан мамандар оған байланысты өз қарсылықтарын білдірді. 2017 жылдың 26 қазанында Президентіміз өзінің №569 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің апострофты нұсқасын бекітіп берді.
Бұл нұсқа алдыңғы нұсқамен салыстырғанда, әрине, тәуірірек. Бірақ мұның да кемшіліктері аз емес еді: 1) Төл дыбыстарымыз сөз құрамында өте жиі қолданылатындықтан апострофтардың да саны тым көбейіп кетті де, жазуымыз көзге тым оғаш көрінді. 2) Апострофтар сөзді бірнеше бөлікке бөліп жіберді де, «сөздің өзі қайсы, қосымшасы қайсы, келесі сөзбен ара жігі қайсы?» деген мәселелерді ажырату қиынға соқты. 3)Апострофтардың салдарынан сөздің жазылу тұрқы тым ұзарып кетті.
Бұл нұсқаға байланысты ғалымдар өз пікірлерін ауызша да, жазбаша түрде де айтты. Елбасына рақмет. Мамандардың пікірлерімен санасып 2018 жылдың 19 ақпанында бұрын қабылданған қазақ-латын әліпбиіне кейбір толықтырулар енгізіп берді. Атап айтсақ, бұрын әріптің қасында тұрған шартты таңба оның үстіне шығарылып, сөздің жазылу көріктілігі мен ықшамдылығына жағдай жасалды.
Өздеріңіз көріп жүргендеріңіздей, жаңа қазақ-латын графикасында латынның А, О, U, Ү дауыстыларының үстіне (жанына емес) шартты белгі қою арқылы қазақ тіліндегі Ә, Ө, Ү, У деген жіңішке дыбыстардың латынша таңбасы, ал латынның G, N дауыссыз дыбыстарының үстіне тағы сол белгіні қою арқылы олардың жуын сыңарларының (Ғ, Ң) латынша таңбасы жасалынды. Бұл соңғы нұсқаны біз қуаттаймыз және қолдаймыз. Оны жүзеге асыру үшін бар күшімізді салуға әзірміз.
Сауатты, білімді елге бір графикадан екінші графикаға ауысудың ешқандай қиындығы жоқ. Сол баяғы қазақ тілі; сол сөздер, сол дыбыстар. Тек жазуымыз ғана басқа графикамен өрнектеледі. Солай бола тұрса да, жаңа графикаға көшу оңай емес. Ол үшін бәріміз бір кісідей атсалысып еңбектенсек, сөз жоқ, ол өз жемісін береді.
Ешбір графика идеалды бола бермейді. Соны ескере келіп, «әліпбиіміз жақсарған үстіне жақсара берсе екен» деген ниетпен мен мына нәрселерді еске сала кеткім келеді.
Жаңа қазақ-латын графикасында қазақтың І/і дыбысының таңбасы ретінде латынның [і] әрпі алыныпты. Біздің ойымызша, бұлай етуге болмайтын сияқты. Неге десеңіз, сыртқы тұлғасы жағынан қазақтың І/і әрпі (дыбысы) латынның [і] әрпіне сай келгенімен, оның жуан сыңары – Ы-ның қазақ-латын әліпбиіндегі таңбасы (әрпі) мүлде басқа әріппен белгіленген. Сондықтан жуанды-жіңішкелі қос дыбысты бір-бірінен ажыратпай, оларды латынның бір ғана Y таңбасымен белгілеп, жіңішкесінің үстіне әлгі шартты белгіні қойсақ, ол әлгі дыбыстың жіңішке сыңарының таңбасын білдірер еді.
Сондай-ақ қазақ тіліндегі дауыссыз У-ға латынның W әрпін балама еткен жөн еді. Айта кететін тағы бір ой – латын графикасында Х, H деген екі әріп бар. Екеуі де көмей дыбыстары. Жаңа қазақ әліпбиіне бұл әріптердің Х деген біреуінің ғана алынғаны дұрыс еді. Ол ах, ох, ех дегендер сияқты одағай сөздерді жазу үшін қажет. Әрі ол математика пәніндегі икс сөзінің шартты таңбасы ретінде де тілімізде бұрынғысынша қолданыла берер еді. Оның үстіне латынның H әрпі қазақтың Ш, Ч дыбыстарын таңбалауға (Sh, Ch) да пайдаланылып тұр ғой. Бұлай ету тіл үйренушілерімізді шатастырады әрі ол дыбыстарды балаларға үйрету қиынға соғады.
Баға беріңіз