Ән арқылы тіл үйрену
Меніңше, қазақ тілін орыс сыныптарында үйретуді ауыз екі тілден, яғни үйде күнделікті қолданылатын сөздерден бастау керек. Ата-аналар балаларымен бірге қазақ тілін үйренсе нәтижесі болады. Сонымен қатар қазақтың әні арқылы тіл үйрету әдістемесін жазып, оны қолданысқа енгізгім келеді. Баспасөз бетінде тіл тақырыбында жарияланатын мақалалардың басым көпшілігінде «қазіргі жастар тіл білмейді» дегенді ғана айтады, ал оларға тіл үйренудің жолдары туралы, жалпы мемлекеттік тілге байланысты қордаланған мәселелердің шешімін, тығырықтан шығар жолды ешкім ашып айтпайды. Меніңше, әркім қолынан келгенше, барынша алдымен өзі бас болып әрекет жасауы керек. Өз басым тіл маманы ретінде балаларға арналған қысқа әңгіме, тақпақ, ертегі жазып, сөзжұмбақ құрастырамын. Соңғы жылдары ән шығарып жүрмін. Ондағы ойым «мың баланың ішінде бір балаға болсын өз септігімді тигізсем» деген ниет. Осы ниетімді жүзеге асыру үшін «Қазақша сөйлеуді Рауша әдісімен үйренейік» деген әдістемелік жинақты құрастырып жатырмын. Онда баланың ой-санасына лайықты, тілді тез әрі оңай үйренуге арналған ән, ертегі, сөзжұмбақтар бар. Қазақ тілі бала тілі болмай, ана тілі бола алмайды.
Мысалы, мына «Астанада тұрамын» өлеңін ата-анасы баласымен бірге үйреніп, сосын бұл өлеңнің сөзімен тілдесу құрастырып, бір-біріне сұрақ қойып, оған жауап берсе, тез үйреніп кетеді. Дәрігер мамандардың айтуынша, ән айту денсаулыққа пайдалы. Жалпы тіл үйретуді баланы ананың құрсағынан бастаған жөн. Әрбір ана балаға аяғы ауыр кезінде ана тілінде ән айтып жүрсе, денсаулыққа да, тәрбиеге де өте пайдалы. Әсіресе осы құрсақ көтеріп жүрген ана Алладан қандай тілеу тілесе, сол тілегі қабыл болады екен. Ертеде әжелеріміздің бесік жырының өзінде қаншама тәлім-тәрбие бар. Жасырары жоқ, құлағына қазақша ән сіңіп өскен бала өскенде де өз тілінен жерімесі анық. Жалпы ән арқылы балаға тіл үйретудің пайдасы өте зор. Адам әдемі әуезге елти отырып, ой санасы әп-сәтте әннің сөзін дереу жаттап алатыны бар.
Ғалымдардың айтуынша, адам клеткасының қимылы арқылы неше түрлі әуен естуге болады. Мысалы, Бахтың симфонияларынан, қазақтың ән-күйінен шексіз сұлулық тұнып тұр. Сонымен қатар ән үйрету арқылы бала грамматиканы да тез үйренеді. Грамматиканы жедел үйрену үшін септік, тәуелдік, жіктік жалғаулар мен етістіктің түрлерін жақсы білу керек. Әннің сөздері арқылы әңгіме, сұхбат, сөзжұмбақ құрастыру керек.
Кейбір елдерде тарих, география ән мәтіндері арқылы үйретеді. Ғалымдардың пікірінше, кез келген тілде сөйлеуді үйренбес бұрын, сіз осы тілде музыка тыңдауыңыз керек, есту тілдік ортаға үйренуі керек. Ән айтқан денсаулыққа пайдалы. Себебі әр дыбыстың ағзаға өзіндік жақсы әсері бар екен. Мысалы, «А» дыбысы – жүректі, тамақты, кеудені емдейді, «О» дыбысы – асқазан, іш-құрылысын емдейді, «У» – бас, бауыр, тамақты емдейді, «Н» – миды емдейді, «В» – нерв жүйесін емдейді, «Е» – адамның ағзадарын тазартады, «М» – ана мен баланы қосатын дыбыс және бауырды емдейді, «Рэ» – стресті, қорыққанды емдейді, «Тэ» – жүрек пен жүрек тамырларын емдейді, «Су» – кеуденің төменгі жағын емдейді, «Я» – бұл дыбыс психологиялық құбылыстардың резонаторы мен генераторы. «Ха-ха», «хо-хо» – ауруды қуады. Адам күлгенде адамның тәні тазарады.
Мен төменде өзім жазған әндерді нотаны ұсынып отырмын. «Тіл үйренемін» деген балдырғандар мен олардың ата-аналары өз қажетіне жаратады деп ойлаймын.
Баға беріңіз