ӘДІСКЕР ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕ ӘЛЕМІ
Соңғы уақытта тілді оқытудағы ақпараттық технологияның рөлі туралы көп айтылып жүр. Республикалық, облыстық деңгейлерде түрлі семинарлар ұйымдастырылып, бірнеше мәрте осы мәселе төңірегінде жинақталған тәжірибе ортаға салынды. Қарап отырсақ, өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтарында қазақ тілін интернет желісі арқылы түрлі компьютерлік бағдарламалардың көмегімен оқыту жолға қойылып келе жатқан тәрізді.
Жағымды үрдіс әрі қарай жалғаса беретіні анық, алайда тіл үйрету әдіс-тәсілдерін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Осы орайда «Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді қалай оқытып жүрміз, әдіскерлер мен оқытушылардың бағыт-бағдары қандай?» деген заңды сұрақ туындайды. Күн тәртібіндегі сұраққа жауап беру үшін Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Ресурстық тіл орталығы тарапынан бүгіндері тілді оқыту тәжірибесі насихатталып жүрген Зейнехан Күзекова, Татьяна Валяева, Қанат Тәсібеков, Владислав Тен сынды әдіскерлердің әдістемесін ортаға салу мақсатында онлайн-семинар ұйымдастырылды. Әрине, оқытуда өзіндік тәжірибесімен танылған ғалым-әдіскерлер аз емес. Олардың әрқайсысының тәжірибесі бір-бір семинар арқауы, ғылыми зерттеудің өзегі болмақ. Әйтсе де бұл жолы әдістемемен ғылыми тұрғыда емес, тәжірибелік тұрғыда айналысып,тіл үйретіп, біршама жетістікке жеткен бір топты және бір ғалымды таңдап алуды жөн көрдік.
Семинар барысында Теміртау, Саран, Шахтинск, Балқаш, Жезқазған қалаларындағы тілдерді оқыту орталықтарының мамандарына аталған авторлардың әдістеме әлеміне шолу жасау тапсырылды. Онлайн-семинарға қатысқандар төрт автор туралы біршама мағлұмат алды.
Зейнехан Сейітханқызы Күзекова – Назарбаев университетіқазақ тілі, әдебиет және мәдениет департаментінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. Тілді оқытудың әдістемесі төңірегінде бірнеше ғылыми еңбектің авторы. Ғалымның аты аталғанда қазақ тілін функционалды өріс тұрғысынан оқыту, тілдік білімді тестілеу жүйесі – ҚАЗТЕСТ, қазақ тілін кәсіби тұрғыдан оқыту және қазақ тілін жаттығулар арқылы меңгерту мәселесі есімізге түседі. Семинарда ғалымның өзі «Сұқбаттасу грамматикасы» деп атаған әдіске назар аударылды. Автордың өзі септіктер жүйесін (грамматикалық материалды) жүйелілікпен жүргізе отырып, оны пайдалана білу дағдысын, қатысымдық дағды қалыптастыруды мақсат етіп алған әдіс түрінің тіл үйретуде берері мол. Ғалымның тарапынан осы әдістің сөйлеу тілін жетілдіруге бағытталғанын ескере отырып, біз өз тарапымыздан берілген шаблондардың тілдесім мен айтылым ғана емес, жазылым дағдысын қалыптастыруға да оңтайлы екеніне тоқталдық. Олай дейтініміз, «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешенін әзірлегенде «Сұқбаттасу грамматикасы» әдісі бойынша біршама жаттығу түрлері беріліп, осындай үлгілер арқылы тіл үйренушінің ауызша, жазбаша сөйлеу дағдысын қалыптастыру назарда болған еді. Оқу құралының алғысөзінде аталған үлгінің ғалым З.Күзекованың тәжірибесіне сүйеніп берілгені ескертілген. Тіл үйренушінің грамматикалық және лексикалық дағдыларын автоматтандыру, сұхбат құру, әңгімелесу дағдыларын дамытуда «Сұқбаттасу грамматикасы» әдісі нақты нәтижеге бағытталған әдістің бірінен саналады.
Ал Владислав Тен мен Татьяна Валяеваның жеке тәжірибесіне келер болсақ, екеуі де граматикалық жүйені абсалютті түсіндіру (жалғаулардың дұрыс жалғануы, үндестік заңы) мәселесіне көңіл бөледі. Ол үшін Т.Валяева қазақ тілінің грамматикалық жүйесін тұтастай кестелерге салып, дайын кестеге сүйеніп сөйлем құрауға үйретеді. В.Тен грамматикаға қоса сөздердің дұрыс дыбысталуына әрі тіл үйретудің бір тәсілі ретінде ән арқылы үйретуге де көңіл бөледі. Ешқандай оқу құралынсыз жазбай-сызбай-ақ қазақ сөздерін тыңдауға құлақты үйретіп, аудиомен жұмыс істеу арқылы ауызекі тілді дамытуға болады деп есептейді. Дәл осы автордың «Ситуативный казахский - Мәміле» жобасымен танылғанын тіл жанашырлары жақсы біледі. Жоба атауы тікелей Қанат Тәсібековтің әдістемесіне байланысты туындағаны белгілі. Жалпы, соңғы кезде осы автордың әдістемесі туралы көп айтылып жүр. «Ситуативный казахский язык» негізінде «Мәміле» клубының жұмысы жанданып, өзге ұлт өкілдеріне тіл үйретудің өзгеше тәсілі ретінде В.Тен тарапынан кеңінен насихатталды. Алайда басын ашып алатын бір мәселе бар. Біріншіден, осы авторлардың үшеуі де тілді аударма арқылы, дәнекер тілдің көмегімен оқытуға мән береді. Екіншіден, Владислав Тен мен Татьяна Валяеваның әдістемесінде грамматика маңызды рөл атқарса, Қ. Тәсібековтың әдістемесінде тіл үйретудің танымдық жағы басым түседі. Одан өзге тағы бір ерекшелігі алдыңғы екі автордың тәжірибесі тіл үйренуші өзге ұлт өкілдеріне қарай бағытталса, Қ.Тәсібековтің әдістемесі, автордың өзінің айтуы бойынша, негізінен тіл үйренуші қазақ ұлты өкілдеріне қарай бағытталған. Сонымен қоса өмірде көп кездесетін жағдаяттар мен күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерді, қазақтың салт-дәстүрі мен фразеологизмдердің шығу төркіні мен аудармасын беру арқылы үйрету басты назарда тұрады. Үшіншіден, аталған авторлар орыс тілді қазақтарды оқытқанда жеке әдістеме қолдану керек екенін айтады. Өзге ұлттар үшін де, ана тілін білмейтін қазақтар үшін деқазақ тіліне шет тілі ретінде қарап, үйрету қажеттігін алға тартады. Жалпы, аталған
авторлардың әдістемесі ғылыми негізделмегенмен, нақты ерекшелігі жан-жақты сарапталмағанмен, қазақ тілін оқытуда, грамматиканы үйретуде беретін кеңестері, қолданып жүрген тәжірибесі әдістеменің негізгі талаптарынан алыс кетпейді.
Тілді оқыту үдерісінде оқыту мақсаты, оқыту мазмұны және қолданылатын әдіс-тәсілдер айқын болғанда нәтижеге қол жеткіземіз. Осыны ескеріп келгенде, егер белгілі бір автордың жеке тәжірибесі мазмұнды болса, қолданып жүрген әдіс-тәсілі көңілге қонымды болса, мүмкіндігінше семинарларда насихатталып отыруы керек деген ой келеді. Онда да қолданған әдістемесінің негізгі ерекшелігі қандай, өнімділігі неде екені ашып көрсетілуі, жан-жақты талданылуы қажет. Онлайн-семинар барысында қарағандылық әдіскер-оқытушыларға қыркүйек айынан бастап жоғарыда аталған авторлардың қатысуымен әрқайсысының әдістемесі бойынша жеке семинар ұйымдастыруға байланысты тапсырма берілді. Осы бағыттағы семинарларды бірігіп өткізуге мүдделі әріптестер, тіл оқыту орталықтары болса, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.
Баға беріңіз