ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТАРИХЫ. БҮГІНІ. КЕЛЕШЕГІ
Тіл – мемлекет болғанда ғана пайда болатын феномен. Сондықтан тіл – елдіктің нышаны. Қазақ тілінің тарихы ерте кезеңнен басталады. Қазірге дейін табылған бітіктастар мен басқа да көне жазбалардан қазақ тілінің ұзақ тарихқа ие көне тіл екенін аңғарамыз. Ғалымдар кез келген өркениет бір дыбысты бір әріппен белгілеп, әліпби түзгенге дейін кемінде 2000 жыл тарихи кезеңді басынан өткеруі керек деп тұжырымдаған.
Ел Орданың төрінде қазақ тілінің тарихынан сыр шертер киелі орда бар. Кезінде шар тарапқа шашылған балалар мұрасы жиналған орталықта ең көне тарихи жәдігер Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани хикмет» еңбегі. Қазірге 6000-нан астам көне кітаптар бар.
Деректіфильмде қазақ тілінің мемлекет тілі ретіндегі бүгінгі жәй-күйі мен даму бағыты туралы да баяндалған. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технология басқармасының бас менеджері Нұржан Сейсенбек қазақ тілін дамытуда заманауи ақпарат алаңдарының қалай пайдаланып жатқаны жәйлі айтып берді. Қазірге дейін қолданысқа енгізілген 12 интернет платформа қазақ тілін дамытуға теңдессіз үлес қосуда. Қазақ тіліндегі терминдердің бекітілген және бекітілмеген нұсқасын көрсетуге арналған сайтта күнделікті қолданыста немесе ғылыми айналымдағы мыңдаған терминдер берілген. Сонымен бірге осы сайттың арнайы алаңында мемлекеттік терминологиялық комиссияға тікелей хат жазып, терминдердің баламасы туралы ұсыныстарыңызды айта аласыз. Орталық дайындаған платформалардың бұдан басқа да сан қыры мен мүмкіндігі бар. Дайындалып жатқан жаңа жобалардың бар екенін де қуанышпен айта аламыз.
Осы орталықтың Әдістеме басқармасының басшысы Жазира Мақсұтқызының айтуынша тіл үйренемін деп талпынған жандарға бар мүмкіндік жасалған. Халықаралық стандартқа сай деңгей-деңгейге бөлінген әдістемелік құралдардың электрондық нұсқасы сайтта қол жетімді. Мысалы: орталық дайындаған әмбебап оқу құралы төрт тілде дайындалған. Шетелдегі қандастарға немесе басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін өздігінен үйренуіне ыңғайлы. Қазіргі заманғы техникалық мүмкіндіктер толықтай пайдаланылған. QR кодтар арқылы мәтіндерді тыңдауға болады. Қазақ тілін оқытудың креативті әдіс-тәсілдеріне көбірек басымдылық беріледі.
Соңғы жылдары қазақ тілінің сұранысы артуына байланысты ұсыныс та артқан. Қазақ тілін үйрету курстары көптеп ашылуда. Бейнебаянда осы салада еңбек етіп жатқан мамандардың өз тәжірибесі мен пікірлері қамтылған. Қазір қазақ тіліндегі контенттерге сұраныс көбейгенін айтады. Сұраныс бар тілдің жойылып кетуі мүмкін еместігін алға тартады мамандар. Көрнекі жарнамаларды қазақ тілінде берудің кәсібіне тигізетін пайдасы туралы кәсіпкерлердің берген сұхбаттары да осы ойды бекемдей түскендей.
Алыс-жақын шетелдіктердің қызығушылығын оятып отырған бай тілімізді құрметтеу еліміздің әр азаматының қасиетті борышы деп түйіндейді.
Баға беріңіз